Мазмұны
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген... Абай Құнанбаев. Жетінші қара сөз

Абай Құнанбаев. Жетінші қара сөз

Алғысөз
Біз періште емеспіз ғой... Қателесеміз, шалыс басып, мың түрлі сынаққа ілігеміз. Сосын өз әрекетімізден жапа шегіп, қатты қиналамыз. Қиналған уақытта Алланы еске алып, одан көмек сұраймыз. Мен де пендемін. Талай рет маңдайым тасқа тиіп, өмірден оңбай адасқан сәттерім көп. Осы кітапты оқитын кез келген оқырман, сіздің де жасаған қателіктеріңіз бен сан соқтырған өкініштеріңіз бар шығар?! Егер оны дер кезінде мойындап, шалыс басқан қадамды енді қайталамауға өзіңізге уәде берсеңіз, тура жолды іздесеңіз, бұл – Раббысынан кешірім күткен құл екеніңіздің белгісі. Ағайын-бауырлар, әпке-қарындастар, бұл кітабымды сәнге айналсын, табыс әкелсін деген ниетпен жарыққа шығарып отырғаным жоқ. Мен жазушы емеспін, бірақ әр адамның өмірі – кино, тағдыры – кітап. Кинодағы сюжеттер де, кітаптағы сценарийлер де ойдан алынбайды, шынайы өмірді сипаттайды, соның көрінісін береді.

Киноны көре отырып, кітапты оқи отырып түрлі сезімдерді бастан кешеміз: қуанамыз, көзімізге жас аламыз, ой түйеміз. Тура сол сияқты, осы кітап та талайлардың тағдырларын түзеуге ықпал етіп, өмір жолында бағдаршам болатындай жол сілтей алса, өзінің оң нәтижесін берсе – менің мақсатым орындалды деген сөз. Сондықтан, бауырларым, қателестім деп жазғырмай, қатесінен сабақ алған адамның ақылын аз да болса тыңдап көрсеңіздер деймін... Іске сәт!

Құрметпен, Бағлан Әбдірайым

КІРІСПЕ
Адам психологиясы бала кезден тиме дегенге тиісіп, барма деген жерге барып, ұстама десе ұстап көруге құмар болып келетіні анық. Сөйтіп жүрген мен де, бала күнімде аулада үйшігінде тыныш жатқан иттің көзін шұқып, талай таланған сәттер болды. Содан мұрным мен мойынымда иттің қапқан ізі қалды. Одан бөлек, тағы мынадай жай болды. Бір күні сол үй антеннаны «варить» етіп жатқанда, көршіміздің есігінің алдында қызыл трактор тұратын, айналып тұрған вентиляторына қызық көріп қолымды тигіземін деп, ремені айналып кетіп, қолымның саусақтарын шайнап тастаған еді. Соның салдарынан саусақтарым қисық-қисық боп бітті. Балалықтың бал дәміне тоймай, секіріп, ойнақтап жүрген тағы бір кезең. Ауладағы көрші баланың үйінде ойыншығы өте көп болатын, сол үйдің терезесін үлкен «батарейкамен» шағып кіріп, ойыншықтарына ұрлыққа түстім. Оны білген әкем оңдырмай сабап, сазайымды тартқыздыда... Сосын жасөспірім шаққа жеткенде темекі тартып тағы ұсталдым... Тағы бірде атқа жем салмақшы боп жатқанда, мөлшерінен көп салып қойғанымды байқап, жартысын бөліп ала берейін дегенде, ат бетімнен тістеп, мұрныма тыртық түсті. Міне, ойымда да, денемде де жарақат болып балалық шалдуар қылықтардың талай қызық естелік елестері сайрап жатыр. Біздің өмірге, айналадағы жаратылысқа деген қызығушылығымыз артқан сайын, талай қауіп пен қатерге аңдамастан тап болады екенбіз. Әбден басымызға тиген соң, ес жинаймыз. Алайда өмірде қалаған жетістігіңе жету үшін сынақтан өтіп, осындай кедергілерді жеңу заңдылық та шығар... Тура солай, өмірден оңбай таяқ жеп, сабақ алған сәттерімді сіздерге еш бүкпесіз баяндап берейін...

БІРІНШІ БӨЛІМ МЕН ПЕРІШТЕ ЕМЕСПІН

Ақ туфлидің әлегі
2004 жыл. «Жігіттер» тобы болып алғаш құрылып, халықаралық байқауларға қатысып жүрген кез еді. Содан Шәмші әндерінен өткізілген арнайы сайыста бас жүлде алып, композитор Қалдыбек Құрманәлі ағамызбен бірге Алматыға жол тарттық. Әсет Бейсеуов әндерінің концертіне қатысатын болдық. Ол концертте ағамыздың «Мұңайма» әнін шырқайтын болып келістік. Мұхтар Әуезов университетінде білім алып жүрген кезіміз, Орынбасар деген ағамыз демеушілік жасап, Алматыға барып-келген жолымыздың шығынын өтеуге және топтағы төртеуімізге бірдей ақ туфли қажет болған соң, соны алуға 21 мың теңге берген еді. Сөйтіп Еркін екеуміз ол қаржыны дүкендердің ішінде тұратын «лохотрон», яғни «игровой автоматқа» көп ақша ұтамыз деп салып жіберіп, ұтылып қалдық... Не алынған ақ туфли жоқ, не жолға ақша жоқ, енді не істейміз деп тұрғанда, жанымызда жүрген Тасқын деген дос бала келе қалды. Кешке жиналып бәріміз «бешірге» бардық. Сол жерде Талғат бір жігіттің ұялы телефонын ұрлап алып, оны ертеңгісін жиырма мың теңгеге саттық. Сөйтіп базардан ақ туфли алдық. Қайтар жолға Еркіннің базарда істейтін туысқан нағашысынан жалынып, жалпайып тұрып бес мың теңге зорға сұрап алдық. Алдау, ұрлық, құмар ойынға деген ынтызарлық нышандары осы шақтан басталса керек...
Соңы не боларын білмегендіктен, оңай ақша табудың жолы болғандықтан, маған бұл іс ерекше ұнайтын еді.
Сөйтіп азарт деген не, оның соңы неге апарып соғатынын тіптен де білмей, балалықпен айналысып жүрдік. Бастапқыда достарыма еріп, қызық көріп, жай барып жүрдім. Казиноның ішіндегі аурасы, қызмет көрсетуі, тамақтары, сусындары, көздің жауын алатын қызыл-жасыл шамдары, жылтыраған іші-сырты маған басқаша бір рахат әлем болып көрінді. Әрине,бастапқыда аңсайтын жағдайда болмадым, дұрыс емес екенін ішім сезетін-ді. Осыдан 3–4 жыл бұрын болған бір оқиғаны айтып берейін... Бойымды өздігінен қорқыныш билеп, түсініксіз бір дертке шалдықтым. Бұл бір жарым жылға созылды. Ауруымның себебін де білмеймін, дәрігерлер де еш диагнозын таппады. Психотерапиядан өттім, қажет емнің бәрін жасадым. Басымды тексерттім, психологтың қабылдауында болдым. Бәрі де орнында, бірақ үнемі мазам кетеді де тұрады. Содан күн өткен сайын өрши бергендіктен, молдаға барып дем салдырдым. Бұл жын-жыбырдың мені аңдып, иектей бастаған сәті болса керек...
Ақши деген жерде спортзалда Жаңа жыл кеші болып жатқан еді. Шыққан соң Бекжан деген досым:

– Қапшағайға барып қайтайықшы, Бағлан, – деп қолқа салды. Маған сол кеште Аян есімді досым жүз мың теңге берген еді.
– Барғым келіп тұр, ара-тұра казиноға барып тұратын едім,– деді Бекжан.
– Жақсы, барсақ, барайық, көрейік... – деп келісім бердім.

«Торнадоның» тарланы
«Торнадо» – мен алғаш құмар ойынның дәмін татқан казино.

Бұл жерде ойын залына кіре берісте 30 мың теңгеге фишка береді. Сол фишкамен ойынды бастайсың. Содан кіре сала сол 30 мыңды ұтқыздым. Тағы 30 мыңға фишка алдым, ұтамын деп үміттеніп едім, тағы ұтылып қалдым. Бұл менің бірінші рет ойнауым еді. Сөйтіп 60 мыңды желге шашқанымды түсініп, ішім ашып, қалтадағы 40 мыңмен үйге қайттым.

Жаңа жыл өткен соң Бекжан есімді досым тағы хабарласты. Қаңтар айы еді. Әншілердің қолы бос, демалатын уақыты. Той-томалақ, жиын жоқ, тыныш маусым. Содан осы қаңтар бойы, қол бос кезде барып, қызықтап жүрдім.

Бұл 2017 жыл болатын. Енді Бағлан бұрынғыдай сырттан қызықтап қарап тұрмайды. Барабара менде де ойнауға құштарлық пайда бола бастады. Үйден шығарда қалтама 30 мың теңге салып аламын. Болса 60 мың, кейде 100 мың теңге алып шығамын. Ойнап келуге кеткен жас баладай мәз болып, үй мен Қапшағайдың арасын біраз уақыт тоқтаусыз жол қылып жүрдім. Дәл осылай жиі баруды бастадым. Жаңа достар, таныстар қосылды, орта өзгерді... Асқар, Ерлік деген жігіттермен таныстым.
Бұл ортада мемлекеттік қызметкерлер, органдағы жігіттер, ел ағалары – бәрі жүретін болғандықтан, менің ойнап, көңіл көтеріп, казиноның қонағы болғаным тіпті ұят еместей көрінетін.
.........Үзбей барудың нәтижесі көзсіз батырлыққа ұласты. Алдында ет саудасымен айналысатын Мұхтар деген ағама көлік сатқанмын. Ол кісіде көлікке берешек 2 миллион теңге қалған. Әркез ойынға барған сайын 50 мың теңге салыңызшы, 100 мың салып жіберіңізші деп сұрап алып жүргенде, 2 миллион теңгенің ініне қалай су құйғанымды өзім байқамай да қалдым.

Сөйтіп жүріп күн өтті, ай өтті. Халықаралық әйелдер күні жақындаған сәт еді.

Былтыр әжемнің көзі тірісінде дәстүрлі мерекесіне еш сыйлық бере алмай, гүл алуға да мүмкіндік болмай, қатты қиналғаным есімде. Әйеліме де сыйлық жасай алмағандықтан, сөзге келіп қалдық, арамызда кикілжің де туындады. «Әнші Бағлан» деген атың бар, бір гүлге де басың жетпеді ме?» – деп әйелім кейістік білдірді.

Ал осы жылы бәрі басқаша болды. Ойыннан біраз ақша ұтып, үйдегілердің бәріне жап-жақсы сыйлық алып бардым. Бірақ бұл уақытта әжем марқұм өмірден өтіп кеткен еді.
Оңай олжа күн сайын ұнап бара жатты. «Не үшін жанымды қинап ән айтып жүрмін, еш тер төкпей-ақ, 15–20 мыңды 100 мыңға айналдырып алса болады екен ғой», – деген ой келе бастады көкейге.
Бара-бара бұл жердің тұрақты қонағына айналып, сол ортада тез танымал бола бастадым. Күнделікті келіп ойнайтын жігіттердің бет-жүзі санада сақталып та қалды. Көз алдыңда үнемі жылтыраған сандар тұрады. Кіші залда өнер адамдарының біразы ойнайды, тамағы тегін, ысқыра салып, тапсырыс бересің. Лезде дайын болып, ас алдыңа келеді.
Бір нәрсе айтайын ба сізге? Бұл уақытта мен намаз оқып та жүрдім...
Бұл жерде аптасына түрлі ұтыс ойнатады. Әр сенбі сайын көлік ұтысқа түседі. Кірген сайын 100 мыңға бір билеттен береді, ол әр барған сайын жинала береді ғой. Бір күні барсам, төртбес билетім бар екен. Солар арқылы көлік ұтысына қатысуға мүмкіндік туды. Бірте-бірте ойынымның деңгейі де арта түсті. Бастапқыда кіру үшін 30 мың төлейтінбіз, ал арнайы категорияға қол жеткен соң тегін кіре бастадық. Бұл, «іздегенге сұраған» дегендей, мен үшін тіптен өзіндік құрмет болды. Одан қалса, «малый зал» деген ғимараттың артындағы «черный входтан» кіретінді шығардым.

Сөйте-сөйте казино мен үшін тіптен ғажап дүниеге айнала берді. Ойнаймын, ұтамын. Қалаға келіп, ол кезде сәнге айналған жаңа «Айфон 7» телефонын, киім-кешек сатып алып, өзіме жағдай жасай бастадым.

Алғаш ұтқан қомақты қаржыма BMW (көлемі 4,8 литр) көлігін сатып алдым. Әрине, шығын шығады, бірақ оның орнын ойынмен қайта толтырып аламын. Бұл енді осылайша күнделікті дертке айнала бастады. Барамын, барған соң, тұтас шығынды ақтап аламын. Машинамның ғана емес, ары-бері шығынымның бәрін осы ойын ақшасымен өтейтін болдым.

Мен бірақ ешуақытта «жүр, ойнаймыз, ақшаңды тік» деп ешкімді үгіттеген де, ойынға тартқан да жоқпын. Керісінше, қаланың ішіндегі барлық анау-мынау жұмыстарымды інішектерге табыстайтын әдет шығардым. «Анаған жолық, мынаған бар, Бағлан кездесуде, қолы бос емес де, анаған мынаны бер, мынадан ананы ал» деген сияқты тапсырмаларды орындатып қойдым. Өтірікті жиі айтатын Бағланға айналдым. Бар шаруаны ысырып тастап, ойынға біржола ден қойған сәт басталды. Бір күні базардан ай сайын салық жинайтын Ерлік деген дос жігіт өзінің бастығына айтпай, 800 мың теңге ақша алып келіпті. Маған соны көрсетіп, «ойнап көрейікші» деп өтінді. Мен де енді әркімнің әкелген ақшасын тігіп, солар үшін ойнап беретін тағы бір әдет пайда болды. Оның үстінен пайыз алып жүрдім. Ерлік есімді досымның көңілін жықпай, 800 мыңын тігіп, оның үстінен 600 мың теңге ұтып алдым да, 400 мыңын өзіме қалдырып, оның қолына 200 мың ұстаттым. Ерлік ертесінде ақшасын апарып бастығына өткізді. Оған да жақсы ғой, бір сағатта 200 мың аспаннан түскендей болды.

Сөйтіп жүріп, бір миллион табысқа шықтым. Қалтамда үнемі бір миллион теңге жүретін жағдайға жеттім. Сәті түскенде ойнайды-ау деген санға тігіп-тігіп жіберіп, мүмкіндікті жібермей, ұтылып тұрған жерде ұтып кететіндей деңгейдемін. Қарқынды түрде «дух» алып алдым. Ақша қалтаға сыймай, сөздің ақиқаты сол – «Казкомнан» небір карталар аштырып, ақшаны тек картамен ұстап жүретін «крутойлар» қатарына қосылдым. Содан бір күні бір миллион теңгеге ұтылып қалдым, оған көңіл жұбату есебінде 100 мың дисконт береді, ұтылған ақшаңның 10 пайызын тағы береді. «Ұтылған ақшамды қайтарып аламын» деген мақсатпен тағы ойнау – «азартник» адамның ең басты сипаты. Сөйтіп тағы электронды ойын ойнадым. Бұл жолы ставканы көтеріп, еш қорықпастан тігіп тастадым. Өзім ойлаған санды белгіледім. 24 санын жақсы көретінмін, дәл соған тігіп едім, 500 мыңдай ұтыс шықты. Ойланбастан «дабл» дегенді қайта бастым. Сөйтіп ұтқанымды қайтадан тіктім. Миллион ұтылып тұрған мен, дисконтпен 2 миллион ақшаны қайта шығарып алдым. Ұтқан ақшаны қалтаға басып, қалаға келдім. Киім-кешек, керек-жарағымды алып, калғанын картаға салып қойдым. Осы қарқынмен ойнап жүріп, 2017 жылдың көктемінде 30 мыңнан басталған ойынды 3 миллион табатын деңгейге жеткіздім.

Бұл жердің «жігітше» Заңы бар
Казиноның жазылмаған өз заңы бар. Мұны елеп-ескермеу мүмкін емес.

Ойнап отырған кезде, таныс жігіттер келіп ақша сұрайды. Казиноның бұл да бір қағидасы. Ұтқан-ұтылған ақшаңның мөлшері алдыңда сайрап жатады, бәрі де алақандағыдай көрініп тұрады. «Жоқ» деп қолын қайтара алмайсың. Көрінгенге бір ұрынып жүретін «бандит» Жасұлан деген жігіт сол жерден үнемі шықпайтын. Бір күні сол ұтылып келіп, менен ақша сұрады, 40 мың ұстата салдым. Ұтты ма, ұтылды ма, білмеймін.

Күндердің күнінде мен ұтылып отырғанда ақша алған Жасұланды көріп қалдым. Қасына барып: «Өткендегіні бересің бе?» – деп едім, «Саламалейкум кәне, адам бірінші амандаспай ма?» – деп жаргонмен сөйлеп, қағыта бастады. «Жасұлан, алған ақшаны қайтарсай», – дедім ашуланып.

Егер шындап келгенде, ол жігітпен төбелесетін болсам, ол тіпті ұруға да «не стоит», өзімен-өзі ілініп-салынып жүретін, түрмеден шыққан арық бала еді. Ұратын жері де жоқ. Біз үш-төрт жігіт бірге жүретінбіз.

– Неге ананы былай шығарып, желін шығарып жібермедің?! – деді біреуі.
– Ой, оның несін ұрасың... күте тұрсын, уақыт келеді. Қандай жауап қайтаратынымды көресіңдер ғой, – дедім мен.

Айтқаным айдай келіп, үш күннен кейін өте көп сома ұттым. Жанымда ойынды тамашалап отырған барлық жігітке 20 мыңнан «шотал»1 үлестіріп беріп жүріп, Жасұланның қасына келгенде, бетіне бір қарадым да, өтіп кеттім. Оның өлген жері сол болды. Қипақтап, ұялып, жерге кіріп кете жаздады. Ол оған соққыдан артық болғанын сездім. Содан далада тұрсам, артымнан жігіттерді жіберіпті:

– Қалдырып кетсейші Жасұланға да, сенен өткен жолғы әрекеті үшін кешірім сұрап жатыр. «Сол күні анаша шегіп қатып алған едім, басым істемей тұр еді» деп сәлем айтып жіберіпті.

– Пошел он на **й! – деп бір сыбадым да, жөніме кеттім.

Содан ол жігіт сол жердегі «үлкен» кісілерге сес көрсетіп, суық қару кезеніп, тағы бір қылмыстары үшін сотталып кетті.

«Бинго! Дабл! Тағы тік!»
Күндер өте берді... Мені «игроктар» құрметтеп, ол жердегі мәртебем өсіп, «Бәкең келді» деп қошеметпен күтіп алатын дәуір орнады. «Қай сан ойнайды деп ойлайсың?» – дегенде, «жындының сандырағы келеді» демекші, айтқаным дәл келетін «әулиелік» қасиет іске қосылды.

Негізі ешқандай бал ашып, «әулие» болудың қажеті жоқ. 36 сан – бұл компьютер, осы сан үш рет ойнаса, артынша таблоға шыққанда қайта ланып келетін бір әдеті бар. «Зрительная память» менде мықты еді, бірнеше рет қайталап тұратын ойын тақтасы болған соң, есіме түсе кетеді, содан «бинго» болады. «Дабл!» «Бәке, тағы ойнашы, тағы тік!» Міндетті түрде ұтыс шығады. Соны көріп алған қасымдағы жігіттер: «Қай сан ойнайды?» – деп тағы мені сұрақтың астына алады. Айтамын – айтқан сан шығады, оған жұрт риза. Ал мен жалған абыройдың артқанына мас боламын.

«Торнадо» тұтас толған электронды ойындар мекені еді. Компьютер болған соң жаттап алатынмын.

«Живой», яғни қолмен айналдыратын казиноға кіру құны 500 доллар. Ол жердің заңы басқа. «Жұтып қояды, қолмен айналдыратындарға жоламаңдар», – деп бұрыннан казиноның жеті атасын көрген «ақсақал» ағаларымыз ақылын айтып қоятын. Абырой бар, статус өсті. Машина керемет, үстімдегі киім – бренд. Казиноның администратор жігіті мені ілтипатпен күтіп алып, құрметпен шығарып салатын болды.
Мен ойнаған сәтте топырлап бәрі қарап тұрып, қызықтайтын. Қасымда Ермек есімді жігіт бірге ойнап жүретін. Ол мен ұтқан сәтте қолдап, шын қуанып, «Әкеш қолды!» деп риза болып, қасыма адам топырлап кетсе, «Мешать етпеңдер!» деп жолатпай, мотивация беріп тұратын. Сол жігіт бір күні 600 мың ұтылып қалды. Содан машинасының кілті мен техпаспортын алып, «залогқа» қояды. Ерліктің көлігі солай амалсыз «залогқа» кетті. Ал пайыздық өсіммен алған ақшасын төлемесе, он күн сайын мөлшері өсе түседі.

Бір күні ұтылып, әбден жүрегі шайлығып қалған сол Ерлік:

– Бәке, 200 мың теңгем бар, бірақ ойнауға қорқып тұрмын. Ойнап берші, – деді.

– Жақсы ұтқанымша ұтамын, көрейін, – дедім мен оның меселін қайтармай.

200 мың теңгені алып, ойынды біраз бақылап қарап тұрдым. Әдеттегідей «әулиелігім» ұстап, уақыт өте қай саннан кейін қандай санның шығатынын түйсікпен сезе бастайсың. Ойнайтын сандар келді-ау деген сәтте сандардың бәрін қоршап, ақшаны тіктім. Сөйтіп қолым жүріп, 1 700 000 теңге ақша ұтып алдым. 660 мыңын казиноға беріп, машинасын шығарып алдық. Ал оның қолына өзінің 200 мыңын қайтарып, үстінен 100 мың қосып бердім. Қалғанын өзіме алдым да:

– Ризасың ба, – деп сұрадым.

– Әңгіме жоқ, братан, ризамын, – деді.

Сөйтіп, дәл осылай қанша адамның ақшасын алып, тәуекелмен біреу үшін ойнап беріп жүрдім. Біреудің машинасын шығарып, ұтылған ақшасын қайтарып беріп, екі ортада «бизнес» жасап алып, ақша тауып жүрдім.

«Снайпер» келе жатыр!
Мен казиноға келсем, «Снайпер» келді деп бәрі ерекше қуанып, құдды бір концерт көретін адамдай жиналады. Ұтуымның бір құпиясы – фокусты тек ойынға арнаймын, айналамда не болып жатқанын ұмытып кетемін, қысқасы, баспен кіремін. Сондықтан болар, әр ойыным шоу сияқты өтеді, сұмдық ұтыс шығады.

Бір күні қолым жүрмей, бір миллион теңге ұтылдым. Ұтылған сайын ішім удай ашып, жинаған ақшамды тағы тігіп отырып, жиырма төрт сағат қозғалмай ойнадым. Тіпті таңның қалай атып кеткенін байқамаппын... Сөйтіп 3 миллион теңгеге ұтылып, үйге қайттым.

Үйге келіп демалып, ертесінде жұма намазға бардым. Біз басымызға қандай да бір қиындық түскенде, Алладан жәрдем сұраймыз. Мен де Аллаға сиынып, тілек тіледім. «Ұтылғанымның бәрін қайтарып алайыншы, сосын басқа ойнамаймын», – деп уәде бердім.

Сенбі. Ұтысқа машина ойнататын күн. Silk Way City сауда үйінің алдында Дос есімді досыммен жолығып қалдым.

– Бүгін казинода машина ойнататын күн, – дедім жымиып.

– Бағлан, сенің бұл ісіңнің дұрыс емес екенін өзің де білесің ғой.

– Білемін, бүгін сол машинаны мен ұтып алайын, сосын ойнамаймын, сөз берем, – деп қол алыстым.

– Жақсы, машинаны ұт та, келіншегіңе сыйла. Сосын ойнама, – деді ол.

Тура сол сәтте қажылыққа барып келген Қасым деген досым хабарласты. Оған да көлік ұтысына баратынымды айттым. Өйткені ол қажылыққа барып келсе де, құмар ойнап тұратын. Қасым: – Бүгін сен ұтасың, қажылардың сөзі қабыл болады, – деп күлді.

«Господин Баглан, выбирайте цифры»
Казино іші ойыншыларға лық толы. Бұл ұтыстың шарты қызық. Тек ұтысқа іліккендер соңғы мәреге жетеді. Күнделікті келіп тұрған соң, осы машина ұтысына қатысатын арнайы билеттерім де жиналып қалған еді. Мен, өзбек, сосын бір кәріс соңғы финалға шықтық.

«Поледе» 36 сан бар, соның ішінен таңдау қажет. 13, 36 сандары айналып маған келді. Екеуінің біреуін таңдау керек болды.

– Господин Баглан, выбирайте цифры, – деген дауыс естілді. Мен ойланып отырып: – Тридцать шесть, – дедім.

– Не слышно...? Сколько? «Тридцать шесть» дегенге тілім келмей қалған соң, оңай санды айта салайыншы деп, «тринадцать» дедім.

– Выбрано. Цифра «тринадцать». Вы в финале! – деді.

Тілім келмей қалған санның маған сәттілік алып келетінін кім білген. Сөйтіп үш адамның бірі болып мен финалға іліктім. Енді финалға шыққан үш адам тағы «поле» таңдайды. Бар-жоғы жалпы үш «поле» болады.

Өзбек біріншіні, кәріс ойыншы екіншіні лезде таңдап алды, ал менде басқа таңдау жоқ, үшінші «полені» маған бекітті.

Содан үш адамның өзінің таңдаған цифры өз «полесінен» шықса, ұтыс соныкі, көліктің иесі атанады. Ұтысқа тігілген – судай жаңа «Тойота Королла» автокөлігі еді. Казиноның сыртында көздің жауын алып, әдемі лентамен әлеміштелген сұр түсті көлік тұрды.

Ойын басталғанға дейін арада жарты сағат үзіліс орнады. Бәрі менің мәреге жеткеніме қуанып, құттықтап жатты. Осы арада өзбек пен кәріс екеуі қол алысып, көлікті кім ұтса да, бөліске салайық деп келісіпті. Өйткені бірінші мен екінші «поледе» ұту мүмкіндігі көп еді. Маған да қасымда жүретін жігіттер келіп:

– Мына жерде қатысып отырған жалғыз қазақ болып ұтпай қалсаң, ұят қой, сен де жігіттермен келісе салмадың ба? – деп сыбырлап кетті.

– Жоқ, бөліспеймін. Ұтылсам ұтылдым, ұтсам ұтармын, бұйырғанын көрерміз.

Менің жауабым осы болды. Оларға қосылып, олжаға ортақтасуымды өзбек те, кәріс те қалап тұрған жоқ.

Сөйтіп жарты сағаттан соң финал басталды. Айналып келіп, шарик 28 деген санға топ ете қалды. Қарап қалсақ, 28 саны менің «полемде» екен. Көлікті мен ұттым. Зал бірден шулап кетті. Бір топ қазақ жігіті қатты қуанып, ысқырып, айғайлап, құттықтап жатты. Көтере лақтырып, «Молодец, Бәке!», «Еркексің!», «Красавчик!» деген сөздерді жаудырды. Менің де аяқ-қолым дірілдеп, аузым кеуіп, жүрегім дүрсілдеп, қуанып кеттім. Бұл абыройдың үстінен абырой болды.

Ол жерде Андрей деген администратор жігітті шақырып алып:

– Серебристый не тот цвет, дайте белый, я хочу жене подарить, – деп ауыстырып алғым келді. Тура сол кезде әйелімнің «Гольф тройка» көлігі ескіріп, анау-мынау шаруаларына өзі айдап барған кезде суы қайнап кетіп, зығыры шығып жүрген еді. Бір машина алып беремін деп уәде бергенім бар-ды. Бір уақытта Андрей келіп:

– Уважение к тебе, брат! Мы дадим белую, – деп ақ түстісіне ауыстырып берді.
Сөйтіп, әйеліме ақ лента айқыш-ұйқыш байланған көлік сыйладым. Бірақ ол көлік қайдан келгенін білмесе де, неге екені белгісіз, сыйлыққа сонша қатты қуанған жоқ. Әйелім менің бұл қарекеттерімнен тіптен хабарсыз еді. Түн ортасында хабарласып, «Қайдасың?» десе де, «Қордайдамын, жұмыстармен жүрмін», – деп үнемі мың түрлі сылтау айтамын. «Көлік ұтсам, ойнамаймын» деген уәденің бәрі ұмытылды.

Сөйтіп таз қалпыма қайта түсіп, ойынды жалғастыра бердім, ұтылдым, ұттым. Ұтылсам да, дисконттармен біраз ақша ұтып алып, ойыннан алыстай алмай жүрдім. Содан бір күні мен ойнаған үстелдің уақытын азайтып тастаған болып шықты.

– Бұрын минуты әр ойынға жететін еді, үлгермей жүрмін, – деп жанымдағы дос жігітке айтқанда ол:

– Бәке, сен отырған үстелдің уақытын қысқартқанын байқадың ба? – дегенде ғана себебін түсіндім. Оны мен аңғармаппын да.

Менде теңгеге шаққан кезде үнемі 25 мың доллардай ақша жүретін. Одан бөлек машинам да болды. Келесі бір ойынға келсем, казиноның әкімшілігі «Біз сізге енді дисконт бере алмаймыз», – деді. Себебін сұрасам, «Сіз уже плюстесіз» деп жауап берді. Оның әділетсіз екенін айтып, «админдерімен» ренжісіп те қалдым. Бәрібір келіп, «на принцип» ойнайтын болдым, жай ғана 10 мың салсам да, 20 мың салсам да, тоқтаусыз

ұта бердім. Содан қаладағы жұмыстарымды бітіріп, жаздың ортасында келсем:

– Вам вход закрыт! Извините! – деді.
– Неге?
– Так решило начальство, – деп шығарып салды. Түсінбей қалдым. Бұл жерде, бәлкім, менен басқа ұтып, казино ақшасын қалаға тасып жатқан адам болмағандықтан, мені кіргізбеген шығар деп топшыладым.

Кіргізбейтін тағы бір себебі, менің ұтқан сомаларымды есептегенде, мен соңғы айда ұтылмай, тек плюске шығып кеткен екенмін. Кейін байқадым, соңғы кезде мен ойнап отырған үстелге мастарды жіберіп, тамаққа тапсырыс берсем, кешіктіріп, басқа зат әкеліп, су сұрасам, басқа нәрсе беріп, көп бөгет жасады. Сөйтіп менен құтылудың көп әрекетін жасап бақты. Казино тілімен айтсам, мұндай қитұрқы әрекеттерді «хаватор» деп атайтын едік.

Сонымен, ол казиноның есігін тарс жауып, қалаға келдік. Екінші картама 5 миллион ақша салып қойған едім, үй салып жатқандықтан, сол қаражатқа жөндеу жасаймын деп ойладым. Ал екінші картамда 28 миллиондай ақша болды.

Ұтқан сайын бойымды жомарттық сезім билеп, қасымдағы дос жігіттерге «шотал» беріп, бәріне сыйлық жасап, патша көңілмен марқайып жүрдім. «Торнадомен» қош айтысып, келесі казиноның есігін қақтық.

Келесі нысана – «Роял Плаза»
Содан жаңа казиноның кезеңі басталды. Оған алғаш кіре салып, 2 мың доллар ақшаны 15 мың долларға көтеріп алдым. Мұның басқа казинодан ерекшелігі жоқ, тек дилер қыздар «рулетканы» қолмен айналдырады («живая рулетка»), сол уақытта фишкаңды ойлап тұрған санға қолмен қойып үлгеру қажет. Картамдағы ақшаларды тігіп, қызу ойынға қайта кірістім. 15 мың доллар ұтқан кезде арнайы кассаларынан «дырылдатып» қолыма ақшаны санап берді. Ақшаны қолға алған сәтте тіптен көкіректі мақтаныш сезімі кернеп, өзіңді байқуатты сезініп кетесің. Доллардың иісін-ай, ерекше ғой, шіркін...

Осылай жалғаса-жалғаса, ой-санамды ойын түгел жаулап алды. «Жігіттер» тобымен тойға барсам да, гастрольге шығып, концерттерде жүрсек те, ойымда тек ойын тұрады. Уатсап желісінен «Торнадо» деген чат ашып алғанбыз, ішінде жүзге жуық ойыншы бар, бәрі бірін-бірі таниды.Кім ұтты, кім не ұтылды дегендей ақпарат алып отырамыз. Жаңадан біреу қосылса, оған ойынның қулығын айтып, өзімізше ақыл береміз. Чатқа кіріп, жаңалық біліп тұру да қалыпты жағдайға айналды.

Осы казиноны түрік администратор жігіт басқаратын. Бәрі оны Жәлел бей деп атайтын.

Жәлел бей, казиноға кірсең, асты-үстіңе түсіп, жалбақтайды. Дастарқан жасап, күтіп алады. Бұл жерде де бір ұтып, бір ұтылып жүрдік. Бір жақсысы, қолым жүрмей тұрған сәттерде өзімді тоқтата алатын әдетім бар-ды. Арасында шай ішіп, шеф-повардың тамағына тапсырыс беріп, жігіттермен ішіп-жеп отырамыз. Сондай отырыстың бірінде Жәлел бейден:

– Маған басқа казинолар сияқты ертеңгі күні «входты» жауып тастамайсыңдар ма? – деп сұрап едім:
– Жоға, Бәке. Сен тіпті бір миллион доллар ұтсаң да жаппаймыз, – деген жауап алдым.
Оңай келген ақшаның пайдасы да тиді, зияны да болды. Бірақ, қанша дегенмен, жақсылыққа жұмсалған жоқ. Дегенмен менің казинодан тапқан табысымның талай жанның тағдырын шешкені р
Сөйтіп «Роял Плазада» алты ай бойы үзбей ойнадым. Бір күні қалтамда 60 мың доллардай ақша бар еді, ойын сәтінде картадан ақшамды шешіп алып тігетінмін, ал ұтқан қаражатты қолыма доллармен алып кететінмін. Бұл әдеттегідей жағдай. Сөйтіп жүрген кезде оқыс оқиға орын алды. Туысқан інім алаяқтықпен ұсталып, сотталуға шақ қалды. Сот үкімі шықпай тұрып, қомақты қаражатпен құтқарып алу қажет болды. Мұндай жағдай екі рет қайталанған еді. Құтқармайын, көмек бермейін десең, жақының болған соң амал жоқ, қателігін жуып-шайып, пара беріп, шығарып алуға тура келді. Өзіне де жеке ақылымды айтып, енді қайталанбасын деп бұйрық беріп кеттім. Казиноның арам ақшасы... Бұл да бір қажетке жарады.

Сосын казинодан тапқан ақшаммен демеушілік жасағаным бар. Ол кезде Оқушылар сарайында спорт басқармасының бастығы болып жұмыс істейтінмін. Өзімнің ашқан кеңсем де сол жерде еді. Бір күні директордың орынбасары:

– Әкімшіліктен адамдар келеді, қаражаттың жоқтығынан әлі сарайға жөндеу жұмыстарын жасай алмадық, – деп шыр-пыр болып жүгіріп жүр. – Бағлан, мүмкін болса, демеуші тауып бересің бе? Кейін ыңғайы келгенде ақшасын қайтарамыз.

– Жақсы, қанша қаражат керек? Мен демеуші тауып беремін, – деп уәде еттім.

Содан ертесінде өзімде бар ақшадан бірнеше миллион теңге бөліп, спорт залын бояп, баскетбол торларын жаңалап, айна салдырып, пердесін іліп, біраз жұмыстарын реттедік. Балаларға бір мүмкіндік жасап, қажет нәрселерді сатып алдық та, одан өзге бокс және дзюдо залдарына да жөндеу жұмыстарын жүргіздік.

Демеушілікті мен жасағанды ешкім білген де жоқ. Оған кеткен соманы мен сұраған да жоқпын, балалардың игілігі үшін жасалған нәрсеге бола саудаласуды ұят көрдім.
Ауру қалса да әдет қалмайды. Тағы да ойынға баратын күн. Түскі сағат он екіде Айбар деген досыма хабарласып, жолдан алып кеттім. BMW көлігіммен сағатына 220–240 шақырым жылдамдықпен басып отырып тағы Қапшағайдың төрінен бір-ақ шығамыз. Бұрындары біз ойынға кешкісін барсақ, енді күндіз де тартып отырамыз.

Казиноға 500 доллар төлеп кіреміз. Бұрынғыдай 30 мыңның фишкасы емес, ендігі тігетін қаржымыз да қомақты бола түскен. Дәл сол күні қара басқан күн болды, қалтадағы 57 мың доллардан бір күнде айырылып, салым суға кетті. Картамда бар-жоғы 3 мың доллар ғана қалған еді. Долданып, жынданып қалаға қайттым. Ашудан қап-қара болып, жанып кеттім. «Роял Плазада» әр жұма сайын ұтыс ойнататын еді, әр кірген билетіңе белгілі бір сома береді. Содан бір аптаға гастрольмен Таразға кетіп қалсам, досым хабарласып:

– Бәке, сенің билетің шықты, алты мың доллар ұттың, – деді.

– Жақсы, ойнамай, ақшаны алып, қалаға қайт, өзім барамын. Сенбі күні ойнаймыз, – деп жауап бердім.

Әнсапардан келе сала, сағынып қалған ойынға қайта кірістім. Алты мың долларды салып, бір орында тырп етпей ойнап, алдыңғы жолы ұтылған 27 мың долларды қайтарып алдым. Одан қайта ақша тігіп, оны 35 мың долларға көтердім.

Уақыт деген тоқтаусыз, зымырап өтіп жатыр. Енді мен бұл кезеңде арнайы күзетті шақырып, «приват» (ешкім бөгет жасауға болмайды деген белгі) қойып ойнайтын болдым. «Приваттың» құны – 5000 доллар. Содан «приват» алдым, маған бір күзетшіні сайлап қойды. Солай ойнап, ақырындап тірнектеп жүріп, ұтылған барлық ақшамды қайтарып алдым.

Мен үшін ойынның ең шарықтау шегі осы кезеңде басталды.

Әр ойынымда 3 мың доллардан шешіп алып, төрт сағат тоқтаусыз ойнауды әдет еттім. Сөйтіп отырып 95 мың доллардың 90 мыңынан тұтастай ұтылдым. Ішім қайнап, өртеніп кеткен соң:

– Шарикті айналдырмай тұра тұрыңдар, қазір келем, – деп бұйрық беріп, тағы 3 мың долларымды шешіп әкелдім.

Енді шығады-ау деген 23 санды қоршап, белгілеп, тәуекелмен тігіп-тігіп жібердім. Бинго! Ұтыс! 47 мың доллар қайта қалтаға түсті.

Солай ұтқан ақшамды тоқтаусыз тігіп, 95 мың долларды қайтарып алдым да, фишканы беріп, картама ұтқан ақшамды тұтасымен қайта салдырып алдым. Тапжылмай ойнадым, сөйтіп қатты стреске ұрындым. Қалаға келіп, жүйке жүйемді қалыпқа келтіру үшін моншаға түсіп, пилинг жасатып, ес жинадым. Қасымдағы жігіттермен сағаты 500 доллар тұратын саунаға барып, «отдуши» шомылып жүрдік. Бұрын күніне 30–40 мың теңге жұмсасақ, енді элиталық өмірге дағдыланып, ақсүйек сияқты өмір сүруге көшкеннен кейін күнделікті сауық-сайранға кететін ақша мөлшері де ұлғая түсті. Мен үшін, жан рахаты үшін қомақты қаражат жұмсау қалыпты жағдайға айналды. Ұтылған ақшамды қайтарып алдым.
2017 жыл. Жезқазғанда жүрген болатынмын. Есепшотымда жатқан 95 мың доллар ақшаны ұтылып қалмай тұрып, пайдалы нәрсеге жаратпақшы боп, көптен армандап жүрген «Гелендваген» көлігін аламын деген шешімге келдім. «Колёса» сайтына кіріп, машиналарды қарай бастадым.

Содан 2006 жылғы бір қара «Гелендвагенге» көзім түсті, ертесіне Алматыға келдім. Көліктің иесі әуежайға көрсетуге айдап келді. Сөйтсем, ол өзіміздің таныс жігіттер екен. Оларға жағдайды түсіндірдім. Солардың бірі – Берік деген танысым:

– Бәке, сыйлайтын братансыз ғой, бұдан былай ойнамай-ақ қойсаңызшы, – деп, ол да ескерту жасады. Сөйтті де, 40 мың долларға бағалап тұрған «Гелендвагенді» 37 мыңға түсірді. Енді менің астымда жаңа көлік пайда болды.
Бірде Мәулен деген дос жігіт Астанадан қонақ болып келді. Оны қонақ ету міндетім, себебі Астанаға барғанда қаланы аралатып, тек бренд киімдер сататын мықты дүкендерге апарып, маған да қонақжайлық жасағаны бар еді. Сол кезде қомақты қаражат ұстайтын болғандықтан, 2,5 миллион теңгеге киінгенім есімде.

Ердос, Мырзахандар:
– Не істеп жатырсың, бағасына қарадың ба өзі? – деп таңғалатын.

Сондағы алғаным – бір спорт киімі ғана, ал 2,5 миллион теңге деген біздің «Жігіттер» тобының табан ақы маңдай термен табатын гонорары ғой!

Содан Алматыға Мәулен деген досым келіп, саунаға бардық. Сәл демалып алғаннан кейін ол казиноға баруға өтініш жасады. Мен ол жаққа аяқ баспай кеткелі біраз болған еді.

– Бармай-ақ қояйықшы, – дедім.

– Сен ойнамай-ақ қой, тек менімен еріп баршы, ойнағым келіп тұр, – деп қиылды.

Казиноға кіру үшін 500 доллар төледік. Төлеген соң сол фишкаға ойнау керек. Сонымен, әдеттегідей ол емес, мен ойнап кеттім. Кірдім де, бес минуттың ішінде 27 мың доллар ұтып алдым. Досым шаршағанын айтып, жатып демалайын деген соң ұтқан сомадан 3 мың доллар «шотал» қалдырып, өзім қалаға қайтып кеттім.

Сөйтіп ойын дәуірі қайта басталды. Казиноға барған сайын әркез қолым жүріп, тек ұтумен болдым, түскен ақшаның есебі жоқ.

Сонымен, бірде «приват» қойып ойнап отырғанда, кездейсоқ Мұхтар, Дархан деген ағаларымызды көріп қалдым. Олар миллиондаған сомалар тігіп ойнайтын еді. Ұтып отырған соң інілік ізеттілік жасап, ол кісілерге 500 доллар «шотал» бердім. Ағаларым мен ойнап отырған үстелге келді. Дилер жігіт:

– Бұл жер «приват», – деп ескертті.

– Жоқ, өзімнің ағаларым ғой, – деп мен рұқсат берген соң ол кісілер «крупная сумма» тігіп, бес-он минутта 80 мың доллардай ақша ұтты.
Бір күні тағы өзіме «ойнамаймын» деп кезекті уәдемді бердім.

Күз келді. Жағдай жақсы. Жиналған ақша жетеді. Ауылға бардық. Дүркіретіп көкпар беріп, әкемнің алпыс жылдық мерейтойын жасадық. Үлкен деңгейде, жұрт таңғалатын дәрежеде той өткізіп, ауылды шулатып кеттік.

Сөйтіп қалаға келген соң, әдетте уақыт өткізу үшін осы казиноны жағалаймын ғой. Содан барып қайтайын деп, «Роял Плазаға» келсем, олар маған «входты» жауып тастапты, жалпаңдап жүретін Жәлел бей жоқ.

Себебін сұрасам, әкімшілік бөлімі менің алты ай ойнаған кезеңімді бақылауға алыпты. Ұтылыс сирек, ұтыс көп. Алты айғы мен ұтқан соманы есептеген сәтте тек менің тарапымда плюс шыққан. Бұл жердегі тоқтаусыз ойыным казиноға қарағанда маған көп пайда әкелген. Содан кіруге рұқсат жоқ. Маған екінші казиноның да есігі жабылды. Ойлап отырсам, сол кезеңде мен сахналық жұлдыздан «игрок» жұлдызға айналыппын ғой.
«Арасан» моншасына жиі барамыз. Таныс жігіттердің бәрі мені көрсе:

– «Снайпер», красавчик!

– Мә, сен «Роял Плазаны» айырып жіберіпсің ғой!

– Сен деген «Торнадоны» жыртып жіберіпсің.

– Бәкең мықты, екі казиноны жапқан! Сұмдық! – деп таңданып, қолпаштап жатады. Сонымен, елге мен жайлы шын-өтірігі аралас осындай өсек тарады.
Содан бастап маған «ойнап берші» деген арнайы тапсырыс берушілер көбейді. Біреудің ақшасын аяйсың ба, тапсырыстарын орындау үшін таңға дейін отырып, әлдекімдер үшін ұтып беріп, тағы ойнап жүрдім. «Роял Плазаға» кіргізбейді. Ойынды «Асторияның» вип казиносында жалғастырдым.

Жасыратыны жоқ, жалданып ойнадым. Тапсырыс аламын. Кәдімгі жұмыс уақыты сияқты, күнде таңертең барып, кешке қайтып келемін. Үздіксіз ойнаймын. Көп сома ұтамын, кепілге кеткен көліктерді қайтарып беремін. Сөйте жүріп, бұл тұрақты әдетке айналды. Жалданып казинода жұмыс жасау – мен үшін ұят емес, керісінше, әр ұтқан сайын жалған абырой әкеле берді.

Менің бір жақсы әдетім – ішпей, шекпей ойнайтынмын. Казиноның тағамдарын, тіпті сусындарын ішетін кезде сақтану шараларын жасаймын. Мәселен, «Аузы ашылмаған су әкеліңіз, өзім ашып ішемін» деген сияқты талаптар қоятынмын. Өйткені «ішіне бір нәрсе қоса ма, әлде тамақтан уланып қаламын ба?» деген қорқыныш та болып тұрды. Бірақ темекі шекпейтін едім. Бұл казиноның іші ылғи да көк түтін. Күнітүні темекінің ортасында отырып, мен де шегуге дағдыланып алдым. Темекі шегуді бастадым. Анау-мынау емес, бағасы удай сигаралардың, дьюти-фридің ең қымбат ассортиментінің дәмін таттым.
Тамақтанатын орындарым да өзгерді. Royal Tulip, «Манана» сияқты мейрамханалардан түскі, кешкі ас ішемін. Абай даңғылынан төмен түспеймін, тек элита деңгейіндегі орталарда жүремін. «Жігіттер» тобы, продюсер Ерғали ағамыз бар, ортақ кассадан әрқайсымыз 420 мыңнан өз атымызға көлік нөмірлеріне тапсырыс бердік. Менің аты-жөнім қате жазылып, «АВР» болып кетіпті, оны қайта ауыстыру маған сөз болып па, бір аптадан кейін, ақшаның көзіне қарамай, қайтадан 420 мың төлеп, «ABR» деген басқа нөмір алдым.

Әдеттегідей күндер жылжып, айлар өтті. Мен тағы жаңа казино іздей бастадым. Кезекті нысанамды таптым да!

«Фламинго!»

ЕКІНШІ БӨЛІМ ОҢАЙ ОЛЖА ОҢДЫРТПАДЫ

Соңғы нүкте – «Фламинго»
Бір күні осы казиноның есігін аштым. «Фламингоға» кірген сәттен мың долларға жуық ақша тігіп бастадым. Ойнап жүріп, алғаш қомақты қарыз алуды да осы жерде үйрендім. Естай деген жігіттен қарыз алдым. Басқалардан да қарыз аламын, сосын қайтарып беремін. Ұтамын, ұтыламын... бұл казиноның әдеттегідей шарты ғой.

Желтоқсанның аязды бір кеші. Сағат түскі үште казиноға кіріп кетіп, 90 мың доллармен ойын бастадым.

Ертеңгі түскі үшке дейін тапжылмай отырып ойнадым, таңның қалай атып, күннің қалай батқаны есімде жоқ. Төрт рет ұтып, дәл солай төрт рет ұтылдым. Әр ұтқан сайын өзімді тоқтата алмай, қызып кетіп, тіге бергенім есімде. Өйткені бұл кезеңде шылым шегіп отырып ойнап қана қоймай, енді виски ішуді бастағанмын. Ендігі мақсатым 200 мың доллар ұту еді. Сол күні казинодан миым ашып, атымды ұмытқандай боп атып шықтым. Кешкі алтыда концерт өтетін болған. «Жыл таңдауы» деген бағдарлама ның алғаш ашылған жылы еді. Еш қымсынбай, реттеліп, жөнделіп алып, «зомби» болып концертке қатысып шықтым. Маған ол үлкен концерт түк те қызық емес еді, есіл-дертім ақшаға ауды.

Сөйтіп жүргенде, ұтылған ақшаны қайтарамын деп, бойымды қанағатсыздық билеп, 50 мың долларды тұтас ұтқызып тындым. Ендігі кезек көліктеріме келді. Жұрт қызыққан машиналарымды кепілге қойып ойнадым. Машинамды тігіп, оны ұтып, қайта ұтылып жүрдім. Ломбардқа біраз ақша қарыз едім, амал жоқ, «Гелендвагенді» шығара алмай, сонда қалып кетті. Содан араға таныстарымды салып, BMW машинамды да «учеттан» шығарып, сатып жіберіп, қарыздарымды жаптым.

Кейіннен маңдайым тасқа тиген соң, неге ұтылып қала беремін деп зерделеп қарасам, бұл жер «ақсақалдар» – тәжірибелі ойыншылар ойнайтын, бірнеше жылдық тарихы бар казино екен. Казино бизнесінде үлкен тәжірибеге ие талайдың тағдырына балта шапқан ойын мекені болып шықты.

Енді себепті анықтаған соң, мүлде қорқыныш жоқ, елдің көбінен қарызға ақша сұрап, бірінен алып, екіншісіне қайтарып, дайындық үстінде жүрдім. Ұтылыстан кейін біраз уақыт қол суыту керек дейтін өзара заңымыз бар еді. Біраз уақыт жаттығуларға барып, инстаграмда «Өмірде барлық нәрсені бір ғана удар шешеді» деген сияқты постар жазып, салып қойдым.

Қарыз көбейе берді. Енді мен қалталы, көмек бере алады-ау деген ағаларды жағалай бастадым. Жалғас деген бір ағамыз болды, ол кісінің сеніміне кіріп, «бізге демеушілік жасаңыз, кәсіп ашамыз» деген жалған ұранмен атой салып алдына бардық. Бастапқыда расымен бизнес ашамын деген ниет болған. Жалғас ағадан алған ақшаны казиноға тігемін деп ойлаған жоқ едім. Ол кісі 50 мың доллар беріп, біз «Кальянный бар» ашатын болып келісіп те кеткенбіз. Біраз уақыт өткен соң, қасымдағы бір досыммен бірге өтірікті қиыстырып, идеямызды дәлелдеп, бастайық деп жатырмыз, 20 мың доллар бере тұрыңыз деп ақша алып кеттік. Бұл кезде жаяу қалғандықтан, Қайрат ағадан 221-ші «Мерседесті» (көлемі 6,5 литр) 30 мың долларға қарызға алған едім. Ойым – казинодан шығарып, қайтарып беру болатын...
Жалғас аға демеушілік жасап, 50 мың доллар берсе, біз пайызбен 5 мың доллардан беріп отыратын болып келіскенбіз.

Алған 20 мың долларды сол күні түгелімен ұтқызып алдым. Жанымда жүретін Ерлан деген досым бар еді, соны көргім келмейтін болды, ойыннан ұтылып қайтқан сайын сол жігітке жыным ұстап жүрді. Соны көрсем, ұтылыс көргендей күй кешіп, жаныма жақындатқым келмей кетті.

Ойынның сәт-сәтсіздігі қасыңа еріп жүрген адамға да байланысты деген өтірік-шын аралас ырым тауып алғанбыз. Көп ұзамай қасыма еріп жүретін Рүстем деген басқа жігіт тауып алдым. Оған казиноға шықпас бұрын «дәрет алып шық» дейтін «прикол» айтатын болдық. Мен таңғы сегізден бастап Қапшағайдың жолында сол жігітті күтіп тұрамын. Содан таңертеңнен ойнап, 5 мың доллар ұтып келдім. Дүйсенбіден жұмаға дейін қайта-қайта үзіліссіз барып, 25 мың доллар ұтып алдым. Тағы да тойымсыздық басталды. Көз де, көңіл де тоймайды. 25 мың долларды қалтаға салып қайта берсем болады ғой, «жо-о-оқ» тағы тіктім... Ұтылдым! Қайтадан отырып, телміріп ұзақ ойнау. Осы сәттен бастап менде шын азарт деген пайда болды... Тәуелділік бойымды билеп, басым біржола байланды.

Бір күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында сағат түскі бірде концерт болатын еді. Көрмейсіз дер ме, азарт деген қысып бара жатқан соң, концертке дейін ойнап келгім келді. Содан тапқан ақшамды тігіп, 25 мың долларымды тұтастай тағы ұтылдым. Концертке де кешігіп қалатын болдым деп асығып, екі ортада өзіме-өзім проблема тауып алып, миым әбден ашыды.

Шыға салып, Рүстем екеуміз «Мерске» міндік те, спидометрді «360-қа жатқызып», 15 минутта Қапшағайдан қалаға келдік. Қалаға кіре салған бетте, тежегішті басып қалған сәтте, дөңгелегі жарылып кетті. Құдайдың ескертуі болса керек, жүрегім тарсылдап соғып, бойымды бір жайсыз сезім биледі. Көлікте бензин де таусылған, қызыл жарық жанып, жүйкеме тиді.

Дөңгелекті ауыстыра салып, қайтадан бастық. Сөйтіп, концерт болатын «Алатау» театрына кешікпей жеттік. Қарын ашып, мазамыз қашып кетті. Қалтамызда көк тиын да жоқ. Рүстемде азғантай теңге бар екен, театр асханасынан «сосиски в тесте» алып шықты. Қатып қалған. Рүстем екеуміз бөліп алып, қытырлатып соны жедік. Не күле алмайсың, не жылай алмайсың, түрден түр жоқ, қап-қара болып, құтым қашып кетті. Ойым, көңіл-күйім бүгін ұтыс болады-ау деген ниетке негізделіп еді, екі сағатта бәрі зымзия жоқ болды, бойымдағы қуат таусылды.

Концерт аяқталды. Үйге келсем, әйеліме сыйлаған «Тойота» көзіме жындай боп көрінді. Айдап отырып, «Фламинго» казиносына кіріп, әйелімнің машинасын тігіп жібердім. Енді ақшалы болудың жаңа жолы – кредит алуды да бастадым. 3 мың доллар кредит алып ойнап, 13 мың доллар ұттым. Осы жерден «қанағат» деп кері қайтсам, қазіргідей қарызға батып отырмас едім ғой. Тағы ойнадым. Ерегесіп ойнадым. Ал енді осы сәттен бастап тоқтаусыз ұтылу процесі басталды. Атымды ұмытып, мас болып үйге қайттым. Әйелім, отбасым, бала-шаға жайына қалды...

Бар бітіретінім – ойыннан кейін үйге келіп, естүссіз ұйықтау.

Мәдениетті қайыршы
Казиноның ойыншыны өзіне тартып, тәуелді етіп қоюға арналған қитұрқылары жеткілікті.

Ойнаған ақшаңа балл қосылып жатады. Клиент қайта-қайта келуі үшін бар жағдайды жасап беретін қонақжайлылығы тағы бар. Адамның соңғы тиынына дейін тартып алмаса тынышталмайтын бір орта болса, ол да – казино! «Вип клиент» деген атым бар, керек десеңіз, көлікпен келіп, казиноға өздері алып кетеді. Тапсырыс беріп, моншасын да жақтырып қоямын, массаж қабылдап, күйзелістен арылғандай боламын. Жанның уақытша рахаты дерсің. Сосын ойынға қайта кірісемін. Ойнап отырған таныс жігіттерден қарызға ақша, ұтып жатқандардан «шотал» сұрап, «мәдениетті қайыршы» болдым.

Нағыз алаяққа айналу оп-оңай екен ғой. Басыңа іс түссе, қиыннан қиыстырып, өтірікті ұялмай соға беретін адамға айналу да қиын емес. Кәсіп ашамын деп алдаған Жалғас ағама 50 мың доллар қарыз болып, ай сайын оған пайыздық мөлшермен 5 мың доллар төлеп тұрдым.

Сөйтіп жүріп жұма намазды да жібермейтін, «түске дейін имам, түстен кейін Иванның» күйін кештім. Мешітке барамын, ол жерде де лауазымды ағаларды жағалаймын.

Бір күні Бақытбек деген ағамызға өтірікті судай сапырып, кәсіппен айналысқалы жүргенімді жеткіздім. «Демеушілік жасап, қаражат бере аласыз ба?» – деп қолқа салдым. Ол кісі: «Біздің кезімізде қолдайтын аға-көкелеріміз жоқ еді, саған пайдасы тисе болды, қанша ақша қажет, келіп алып кет», – деп кең жүрегімен жомарттық танытты. Ұялмастан 5 мың долларды қалтаға басып алдым. «Бомбей» деген жаңа казиноның есі гінен сығалап, тесігінен кіріп кетіп, осы жерде біраз тұрақтадық. Неге екені белгісіз, ұтқан ақшамды қолда ұстап тұра алмай, қайта тігіп тастаймын. Нағыз ауру адамның ісі. Сол казинода ойнайтын бір таныс жігіт қарызға ақша сұрап, Бақытбек ағадан алып беруге тура келді. Өтінішін орындаймын деп ұятқа да қалдым. Кепілдікке бір зат қою қажет болған соң, ол жердің құжаттарын әкелген екен. Оны Бақытбек ағаның көмекшісі көріп:

– Бәке, мынау жалған құжат қой, жарайды, сенің танысың болса берейік ақшаны, бірақ өзің жауапты боласың ба? – деді.

Иә, араласатын таныс жігіт қой, – дей салдым.

Қайдан, өз қарызым басымнан асып жатқан сәттерде «төлейді» деген досым мені тақырға отырғызып қашып кетті. Сөйтіп оның да қарызы менің мойныма ілініп, жер сипап қала бердім.

«Чайка» Бағлан
Арада үш-төрт ай уақыт өтті. Аздап концертке шығып, ақша таба бастаған едім. Біраз уақыт қол суыттым. Өзімді іштей дайындап, біраз күннен соң қайта бардым. Казиноның табалдырығын аттасам болды, маған бәрі аңыз адам тамашалағандай қарайды, абырой деген ұрып тұр. Бар ойым – бүкіл қарызымды осы казино арқылы қайтару. Өйткені қарызым күн сайын өспесе, кеміген жоқ. Қолым енді жүретін шығар деген үміт жатты көкейде. Жоқ, үмітім ақталмады. Жұма намаз кезінде осы казинодан ұтсам екен деген тілек те тіледім. Бір рет ұтсам, сосын қайтып ойнамаймын, ат құйрығын біржола үземін деген мешітте берілген жалған уәдем тағы бар... Не деген ашкөздік, тойымсыздық деп ойлап отырған шығарсыз, таң қалмаңыз, қызық әлі алда.

Бағланның екі түрлі образы болғанына біреу сенсе, енді бірі сенбес. Үмітімді өшірмей, казинодан алыстай алмай, ұтқан адамдарды айналшықтап, сол кісілерден тағы қарыз сұрадым. Мың долларлық фишкаларды көрсем, көзім жайнап, біреу ұтса, соған өтірік қуанып, соны құттықтап, екіжүзділікке көштім. Қысқасы, ойлап қарасам, тіленіп әркімнен қарыз сұрап, арын фишкаға сатқан «чайка», бір түндік көбелек қыздар сияқты өмір кешіппін... Амал не, мұны кеш ұғындым.

Сөйтіп жүріп, 20 мың доллар тағы ұтылдым. Бітті! Сонымен, ештеңе енді бұрынғыдай болмайтынын, сәттіліктің ауылы алыстап кеткенін түсіндім. Көзімнен дүрілдеген дәуренім бұл-бұл ұшты. Бірақ мен осы сәтте бәрін ұмытып, жай ғана бар ақшамды тігіп, ұтылсам да, тоқтамай ойнау әдетке сіңіп, ауруға айналды. Ішуді де доғара алмадым, ащы суды күнде сіміріп жүрдім. Мен осылайша қайыршылыққа түстім.

Казино алдында күнде бітпейтін төбелес, ырду-дырду, мені кіргізбеуге әрекет жасап жүрген күзетшілер, бәрі менің «бейшара» халімді көріп, әбден мазақ еткендей болды.

Бір күні қайтадан ойынның қызығына кіріп, ойыншы қыздардан жүз доллар сұраймын деп, жүргізуші куәлігімді кепілдікке беріп кеттім. Мен жеңіліп қалған соң, ол қыз «правамды» алып кетіп қалды. Содан біраз уақытқа дейін жүргізуші куәлігімді қайтарып ала алмай жүрдім. Хабарлассам, әртүрлі караокеге шақырып, маған құрбыларының көзінше ән айтқызып қояды. Үш-төрт қыз болып отырған соң, «правамды» бер!» деп олардың көзінше бас салған тағы ыңғайсыз, амал жоқ, жағыңды ашпайсың. Жүз грамм ұрттайсың, ән саласың. Шығар сәтте «правамды» сұрасам, ұмытып кетіппін дейді, біресе үйде қалды, сосын берем деген сияқты бітпейтін сылтау айтып, мені ойыншыққа айналдырды әбден. Сөйтіп біраз уақыт қыздардың ермегіне айналып, талай ән салғаным бар.

Қыздар былай тұрсын, мен ер адаммен сөйлессем де, басымнан сөз асырмайтынмын, айналамдағы достарым «саған сөйлеуге қорқамыз», «мысың басып тұрады» деп жүретін еді. Ол кезде сөзім нық, қадамым дұрыс болатын.

Ал қазір бойымдағы сол қасиеттің бәрі өзөзінен өшті...

Судыңда сұрауы бар
Ең көп қарыз ақша берген Жалғас ағамыз күніне он рет хабарласады. Шыдамы таусылса керек, бәріміз де пендеміз ғой, ақшаға келгенде бәрінің бет пердесі ашылады. Ағамыздың үйіне кіріп-шығып, әңгіме айтқан сәттерді, қарызды кейін қайтарамын деп берген уәделерімнің бәрін ол байқатпай камераға түсіріп жүріпті. Соларды материал етіп дайындап, ютубқа саламын деген қоқаң-лоқы көрсетті. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.
Ұтып келген ақша осы уақытқа дейін абырой әкелсе, осы сәттен бастап мені енді үлкен абыройсыздыққа ұшыратты.
Біраз уақыт ақсүйектік өмір кешіп жүріп, түсімнен бір сәтте шошып оянғандай күйге түстім. Есептей келсем, 200 мың доллар қарызға шығып кетіппін. Түрімнен түр жоқ. Бәрі жайына қалған, өмір қызық емес. Табан астында бәрі өзгеріп кетті. Сене алмай, сергелдең күйде жүрдім. Ұтқан ақшамнан соқыр тиын да қалмады, адал еңбегіммен ән айтып, концерт, тойларда тапқан табысты да тігіп жіберіп, бәрінен жұрдай болдым. Үйде күнде айқай-шу, ұрыс-керіс. Отбасылық реніш белең ала бастады.

Саят, Досжан деген дос жігіттер бар еді. Олар мән-жайды түбегейлі білетін-ді. Қарызды кімдерден алдың, бәріне хабарласып, бір жерге жина деп кеңес берді. Амал жоқ, бәрінің басын қосып, шындықты айтып, бет пердемді ашуға тура келді. Олар мені кәсіп ашып, бизнеске ақша салды деп ойлаған ғой. Казиноның құлына айналып, азарттың соңында жүргенімді ешкім білмеген еді.

– Мен ешқандай да кафе ашпадым, еш тірлік жасамадым, сіздерден алған ақшаның бәрін казиноға тігіп жібердім, – деп бар шындықты жайып салған сәтте, олар аспаннан жай түскендей болып, қатты таңырқады. Әбден абдырап қалды.
– Біз сені әжептәуір «серьезный» жігіт деп жүрсек, мына тірлігің не? – деп қынжылыс білдірді.
– Солай болып қалды, ағалар, – деймін мен мойныма су кетіп.
– Қалай болып қалды? Сен оң мен солыңды танитын жігітсің ғой.
– Жақсы енді, қашан қайтарып бересің ақшаны? – деп қарыз болған ағалар ақшаны тауып беретін мерзімді шамамен белгілеп қойды.

Бітті, өсек бүкіл жерге қаулап тарап кетті... Маған ең ауыр тигені де сол. «Бағлан «дома» болыпты ғой», «Мал болып кетіпті», «Құлапты ғой» деген небір нәрсе айтылды...

Ел көзіне көрінер бет жоқ, үйден шықпай жатып алдым. Күнде ішуден басқа ермек таппадым, анығын айтсам, басым ауған жаққа қаңғырып кеткім келді.

Анам алған соққы
Ана жүрегі жұмсақ қой, сан түрлі қателігімді кешіріп, жүрегіне салмақ түскен-ау, сырқаттанып та қалды.

Бір күні болған оқиғаны естіп анам келді. Ештеңені жасырмай, бәрін айттым. Ерғали Әбдіраймов ағам да келді. Үйде үлкен жиналыс. Бәрі мені кінәлауды бастады. Ереке:

– Саған о бастан ескерткенмін, казиноға қанша қарызсың енді? – деді.
– Казиноға емес, адамдарға қарызбын. (Ол уақытта казиноның қарыздарын жапқан едім.) – Қолыңмен істедің бе, жігітше мойныңмен көтер, – деп, ол сөзді келтесінен қайырды.

Ерекеңе сол сәтте қатты ренжідім. Аға болып жаны ашып, бір ауыз жылы сөз айтса болар еді ғой деп, іштей өкпелеп те қалдым.

Бәрінен бұрын бұл оқиға анам мен әкеме үлкен соққы болып тиді. Мен осы уақытқа дейін ата-анамды тек қуантумен келген едім. Түлкібас ауданының бетке ұстар үздік оқушыларының қатарында болдым. «Жігіт сұлтаны» тәрізді небір сайыстарда жүлдемен оралатын, марапат пен алғыс хаттарды жиі алатын тәртіпті бала едім. Тәртіпсіздік қайдан келді, мұны не қара басты деп, ата-анам қатты күйзелді.

Анам:
– Енді сол жердің табалдырығын аттап, қайтадан ойын ойнайтын болсаң, менің сендей балам жоқ! Ұлым бар деп айтпаймын! – деп шорт кесті.

Мен ата-ана алдында уәде бердім. Олардың уайымдамауларын өтініп, бармаймын деп серт ұстадым!

Бірақ... өзімді жеңе алмадым, ойынды қайта жалғастырдым...

Кешірші, Мама!

Досқа сыр
Казинода отыр едім. Ұтылсам да, ойнауды жалғастырып жүрген кездер. Жоғарыда сөз еткен Дос деген жолдас жігіт тағы хабарласып:

– Бәке, саған бір жақсы жаңалығым бар, кездеспей тұрып шет-жағасын айтайын, сен ойынды доғар! Жетер енді, есіңді жи! Шығармашылықтың адамысың ғой, сенің бір әніңе клип түсіріп берейін, менен бір көмек болсын, – деді.

Талдықорған қаласына тойға барып, жолда келе жатқан сәтте бір ән ойыма оралған еді. Достар деп жүрген жанымдағы жігіттердің бәрін ойлап, «Бір досым бар, кеудемнен жан кеткенше, бір досым бар, мұрнымнан қан кеткенше» деген сөздерді ыңылдап, әуенге салып айтып келе жаттым. Әнге сөз жаздырып, жарыққа шығарғым келді. Ән жазылды, сөзін Серік Сейітман жазып берді. Дос бауырымның туған күніне осы әнді тарту еттім.

Біраз уақыт өтті. Ұтылыс көріп жүрген сәтте өнердегі жақсы араласатын біраз жігіттерді жинап: –

Мүмкіндік болса, маған қол ұшын беріңдер, мен ойнап, қарызға кіріп кеттім, сендерге сөз берейін, сосын ойнамаймын, – дедім. Сол сәтте бәрі жағдай жоқ деп, көмектесуден бас тартты.
Доспен бәстесіп, енді казиноға бармаймын деп уәде бердім. Сөйтіп жиырма күннен кейін Достың маған қарым-қатынасы бұзылды. Сырым деген досым арқылы айтып, үшеуміз кездестік.

– Бәке, маған казиноға бармаймын деп уәде бергеннен кейін неше рет бардың? – деп сұрады ол.
– Шыдамай, бас-аяғы үш-төрт рет қана бардым-ау, – деп едім, маған тізім жазылған парақты ұсынды. Алып қарасам, менің көлігімнің нөмірі, қай казиноның алдында қанша сағат тұрғаным, Қапшағайға жиырма күн бойы үздіксіз барғаным – бәрі-бәрі сайрап жатыр. Өтірігім әшкере боп, кірерге тесік таппадым.

– Мен саған ренжіп отырмын, көңілім қалып... Қол алысқан уәде қайда? Біз көріскелі жиырма күн өткен, сен тоқтамай барғансың ғой жиырма күн бойы, – деді Дос.
– Ұят болды мынау! Жақсы, өткенде айтқан клипті түсіріп бересің бе, сол «Досқа сыр» саған арналған ән ғой, соны саған сыйлаймын. Сосын қоямын, – дедім.
– Клипті түсіріп беремін, бірақ казиноны доғаршы, – деп ол өтінішін тағы қайталады.

Мен ойнауды қоям
Дәл осылай елге уәде берген сәттер көбейді. Қанша рет Алла алдында, ата-ана, дос-жарандарымның алдында уәдемде тұра алмадым. Білемін, сеземін де. Айыптымын. Қойғым келді, бірақ бұл әдетті тастаудың еш амалын таппай жүрдім емес пе?! Қол алысып, сөз берген адамдарымның маған деген құрметі төмендеді, мен де оны қалаған жоқпын ғой. Бірақ адам өзін-өзі басқара алмай, ырқынан айрылған сәттерде тежелу, өзіне тоқтау салу қиынның қиыны екен. Себебі мықты болсаң – ең алдымен өзіңді жең деген.

Иә, алғаш әйеліме көлікті ұтқан соң қоямын дедім... Ол уәдем де есімде. 3 миллион ұтылып қалған сәтте де қайтарып алайын, сосын ойнамаймын деп шештім. Ол уәде де ұмыт болды.

Досжан досыма берген уәде де өз күшінде ұзақ сақталмады. Клипті түсіріп берді, «бармаймын» деп оған тағы да сөз бердім. Бірақ мен ойыннан алыстай алмадым, белгісіз бір күш мені соған тартты да тұрды.

Екінші қызым дүние есігін ашып, оны перзентханадан шығарып алар кезде мен казинодан бірден келген едім. Сол кезде «болды, енді ойнамаймын» деп тас түйін шешкенмін. Иә, менің ерлік жасаған сәтім осы болды...

Содан кейін мен қайтып казиноның есігін ашпадым, ойынға оралмадым.

ҮШІНШІ БӨЛІМ АЗАРТТЫҢ СОҢЫ – АЗАП

Өмірден түңілген күндер
Мен үшін өмірімнің ең қиын күндері осы кезеңде басталды. Күйзеліс, жаныңды жегідей жеу. Үйден аттап шықпай, бар ермегім арақ ішу болды. Өзімді тек ащы сумен жұбататындай күйге түстім.

Сөйтіп жүргенде, бір күні ғаламтордан фейсбук желісіндегі бір сайтта жарық көрген Еңлік Әбдіқадыр есімді қарындасымның сұхбатын оқыдым. Небәрі жиырма жасында той орталығын ашып, «Армандар орындалады» деген журналын жарыққа шығарыпты. Содан «Қазақтың қаршадай қызы осындай тірлік етіп жатқанда, менікі не жатыс?» – деп, ұят қысып, бойыма қан жүгіргендей сезіне бастадым. Ивент, яғни той ұйымдастыру орталығын ашу ойыма келді. Сөйтіп, мен «Бағлан ивент» той орталығын аштым, оның тұсаукесерін өткізіп, ауызашар беріп, әншілердің бәрін қонақ етіп, рәсімін жасадық. Осы ивент орталығымның да біраз ақшасын казиноға тығып жібергенім есімде. Ол кезде екінші қызым әлі дүниеге келмеген еді.

Біраз уақыттан кейін тағы ел-елді аралап, гастроль ұйымдастыруға кірістім. Өзімді әлденемен алдаусыратып, казино әлемінен алшақтатқым келді. Өткенді ұмыту үшін ұзақ күрестім. Сөйтіп жүріп ақырындап қарыздарымнан құтыла бастадым, бірақ қомақты ақша берген Жалғас деген ағамыз миымды әбден жеді. Сол кісімен сөйлесіп, жағдайды түсіндіруге күні бойы уақытым кетеді. Кімнен қарыз сұрарымды білмей, небір жолдарын ойластырып, үлкен ел ағаларының тамырын басып көрмекші болғанда, біраз кісі ат-тонын ала қашты. Оның барлығы жүйкеме тиіп, күнделікті ашуызамен өмір сүрдім. Жалғас ағадан құтылу үшін Дәурен деген досымды іздеп, қол ұшын берер деп Талдықорғанға бардым. Сөйтсем, ол да өмірдің сан қилы мектептерінен өтіп, казиноға біраз ақшасын тігіп, ұтылған екен. Бірақ сонда да азаматтығы бар екен, ойласам, әлі күнге риза боламын. Екі «Камазы» бар еді, сол арқылы ақша тауып, отбасын асырап жүрсе де: «Қиналып тұрсаң, бір «Камазымды» ал», – деп, көлігін қанжығалы байлап жіберді.

Бірақ Дәуренге де «Камазды» уақытында қайтара алмай, ақыры соның құнына бағалап, BMW көлігімді бердім.

Өмір жалғаса берді, мен болсам адамдарға ғана емес, Аллаға да ренжуді бастадым. Қоғамнан, айналамнан түңілген адам ретінде сергелдең күйге түстім.

Сырқатымның сырын таптым
Өз дертімді өзім жазбасам, оған ешкім көмек бере алмайтынын түсіндім. Бір күні казиноның ақсақалына айналған Елубай деген атамызға жолықтым. Кездестім де, көкейімде жүрген мына бір сұрақты қойдым:
– Ақсақал, айтыңызшы, осы ойыннан не ұттыңыз, не ұтылдыңыз?

Бұл сауалды бұрыннан ойнап жүрген барлық адамға қоюшы едім. Көптің айтатынын айтты.

Бәрі кезінде мықты болған, қазір емес. Тек өткен шақ, яғни «кезінде». Зауыт ашып, кәсіппен айналысқан, айрандай ұйып отырған отбасы болған, бірақ соның бәрі өткен шақтың еншісінде қалған. Дәл осылай өмір сүретін ортаға мен де кірген екенмін, кезінде мықты едім, «Снайпер» Бағлан болғанмын, қазір ештеңесіз қалдым.
Казино адамның бойындағы рухын алып қояды екен. Кеудемдегі от бықсып жана алмай, лаулай алмай, жан-дүнием қатты қиналып, быт-шыт күй кештім.
Беделі бар деген «игроктардың» біразымен сұхбаттасып едім, ешкім ештеңе ұтпаған, түптіңтүбінде азарттың құлына айналып, құлдырауға кеткен.

Сыртқы бейнемді айнадан көріп, жүрегім айнып, өзімнен өзім жиіркендім. Кіммен кездессем де, осы тақырып әңгіме бола қалса – жаным ауырады, жан күйзелісіне түсемін. Ұтылған кездеріме ішім ашып, ұтқан сәттерімді айтсам, көңілім өсіп, марқайып кетемін. Алма-кезек сезіммен арпалыстым. Ары ойланып, бері ойланып жүргенде, Аман Тасыған деген журналист досыммен осы тақырыпты тағы қозғап қалдық. Ол маған:
– Бәке, бәлкім, халықтың алдында мойындап, ағыңнан жарылып сұхбат беретін уақыт келген шығар? – деді.
– Жоқ, мен олай көпшіліктің алдында мойындауға дайын емеспін, – деп, біраз уақыт бас тартып, қорқақтап жүрдім.

Жоқ, Мен бұл құрметке лайық емеспін.
Адамдармен сырласып отырып, «Неге бұлай болды?» деген сұраққа өзім жауап табатын едім. Елдің бәрі шетел асып, білім алып жатыр ғой, ал мен Алматы мен Қапшағайдың ортасында жүріп, 200 мың долларға өмірлік сабақ сатып алыппын деген тас түйін ойға келдім.

Алайда халықтың алдында ән шырқап жүрген сүйікті Бағлан бір күнде неге осындай күйге түсті деп, өзімді жерден алып, жерге салып, жазғыру үрдісі жалғаса берді.

Халық бата беріп жатса да, қошемет көрсетіп, сахнада тұрған сәтімде шапалақ ұрса да, бұл құрмет – мен үшін емес деген ой көкейімде кесекөлденең тұратын.
Кішкентай балаларын әкеліп, тұсауын кестіріп, аузына түкіртіп «саған ұқсасын», «сен сияқты халықтың адамы болсын» деген тілектерін айтқан кезде кірерге тесік таппай, қипақтап, ішімнен «жоқ, мен бұл құрметке лайық емеспін» деген ойлар мазалайтын.
2018 жылы тамызда Алланың алдында «қойдым» деп өзіме уәде бергенмін, одан кейін де казиноның табалдырығын талай тоздырдық. Аллаға берген уәдемді орындай алмағандықтан, өзімді жаман сезініп, біреулер жағымды пікір айтса, мақтап жатса, қатты ұялатынмын, «Қалай керемет сөйлейсің!», «Сен нағыз жігітсің!» деген кезде ішімнен: «Өтірік, ондай емеспін», – деп, адамның жанарына тіке қарай алмайтын бір мүскін халге жеттім. Сыйлықтарын ұсынып, суретке түсіп жатса, өзімді жайсыз сезінетін болдым. Өзімді-өзім қатты жазғырдым.

Инстаграмға сурет салсам, «казинода көрінбей кеттің ғой» деп комментарий жазатындар пайда болды, басында ізімді жасырып жүрсем, артынша ашық ойнағандықтан болар, танып-білгендер тиісіп жазатын әдет шығарды.

Бұл пәлені шынымен мәңгілік ұмытқым келді. Бірақ «жүрсеңші, барып қайтайық» деген үгіттеп қолқалайтын дос жігіттер көп болды.

Содан белімді бекем буып, «сәті келді-ау» деген шешім жасап, Аманның «TalkLike» бағдарламасына сұхбат беруге келістім.

Эфирге шығып, еш бүкпесіз бар шындықты жария еттім. Өзімнің қандай қиындыққа ұшырап, басымнан не заман өткенін түгел жайып салдым. Жұрт басқаша елестеткен Бағланның шын бет пердесі ашылды. Мойындау – ерлік. Бұл сөзге бұрын аса мән бермесем де, қазір нақты мағынасын ұққандаймын.

Осы уақытқа дейін халық мен туралы өзінше топшылап жүрген еді. «Бағлан бір ауруға ұшырап, молдаға барыпты, оқытылыпты, сосын казиноға кіріп кетіп, бармай қойыпты», «Бақсы-балгерге емделіпті», «Бір бақсы жолын ашып беріпті» деген сияқты қаңқу сөздер желдей есіп кетті. Ал Аман Тасығанмен болған бұл сұхбат бәріне берілген жауап болды. «Ұрының арты қуыс» дегендей, шындықты айтып, бет-жүзімді ашып алған соң, бойым жеңілдей бастады.

Ертесінде инстаграм желісінен мыңнан аса хат келді. «Еркексің!», «Жарайсың!», «Молодец, жігіт екенсің!», «Бізге де осы азарттан құтылу жолын айтшы», «Кеңес берші» деген сияқты өтініш-тілектер де көп болды.

Жындының сандырағы деген...
Казино – жынойнақтың ортасы. Әрине, оны көзбен көрген ешкім жоқ. Бірақ Алла Тағала адамдар мен жындарды маған құлшылық ету үшін жараттым дейді. Казино жындар мекені болғандықтан, осы құмар ойналатын жерде жынның жүретіні ақиқат. Адам баласы жүз жыл ғұмыр кешсе, жындар шамамен бес мың жыл өмір сүреді. Егер белгілі бір адам ойнап-күліп, еш ұтылмай, зардап көрмей, өмірден өтіп кетсе де, жынның сүретін әлі 4900 жылы бар, олар бәрібір сенің ұрпағыңа түбінде әсер етеді, имамдар да, діннен хабары ғалымдар да – бәрі бұл ақпаратты растайды.

Ойнауға машықтанған адамда өздігінше бір пікір пайда болады. Мысалы, букмекер кеңсесінде ойнасаң, қазір «Барселона» ұтады-ау деп, соған ақша тігеміз, карта мен казинода да тура сол сияқты, қай сан ойнайтынын алдын ала сезе бастайсың. Мысалы, қазір 3 саны ойнайды деп, соны белгілесең, дәл сол сан шығып тұрады.

Адам ешқандай да әулие емес, тек жын-жыбыр құлаққа сыбырлап кетеді, солар бағыт беріп отырады. Көз алдыңа елестетіп, сол әрекеттің барлығын жасатады. Интуицияның мықтылығы емес, «жындының сандырағы» деген сол. Болжамның рас болып келуі оларды шаттандырады, шайтандар ортада асыр салып қуанады. Адамды адастырудың оңай жолдарын олар жақсы біледі. Сөйтіп саған ұтқызып-ұтқызып, миыңа сигнал беріп, сенімділік сыйлап қояды. Өзіңе сенімді бола бастаған сайын тіге бергің келеді ғой. Ойнауды да қоя алмайтының сондықтан... Жынойнақтың ортасында отырған адам үйге бір-бір жыннан ертіп келеді, олар сосын отбасыңның берекесін бұзады.

Ойынға ақша іздеген сәтте де сол жын-шайтан саған небір нұсқаларды ұсынып, араласпай кеткен достарыңды тауып беріп, қарызға ақша сұратудың небір айла-тәсілін ойластырып қояды. Сондықтан мен де: «Неге жақсылыққа келгенде ақша табылмай кетеді де, жеңіл нәрсе мен жаман жолға тез табыла қалады?» – деп жиі ойланатын едім. Жауабы айдан анық болды.

Бұл – жын-шайтанның азғыруы, азғындау.
Алла Тағала қасиетті кітапта адам баласын жаратқан кезде ненің зиян, ненің пайдалы екенін ажыратып, саралай білсе дейді.

Қасиетті Құран Кәрімдегі Мәидә сүресінің 90- аятында: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және пал ашу оқтары лас, шайтанның амалдары. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, құтыларсыңдар» делінген.

Осындай құмар нәрселерге ынтызар болып, уақыттарын босқа өткізіп, қайғы жұтып, адал ақшасын арамдыққа жұмсап жатқан мұсылман бауырларымыз көптеп саналады. Адам өзі ойлап тапқан кез келген нәрсенің, мысалы, машина, ұялы телефон, түрлі техниканы қалай қолдану керектігі жөніндегі нұсқаулығы бар. Сол сияқты Алла Тағала адамды жаратқан сәтте қасиетті кітапты – Құранды берді. Құран Кәрім – адам баласының өмір сүру ережесі. Кімде-кім Құранның жолымен жүрсе, ол екі дүниеде де бақытты болады.

«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген Абай бабамыз. Сондықтан адам баласына ешқашан бос жүруге болмайды, оның қолы бос болса, шайтан алдап-арбап, жаман жолға алып кетеді. Бағыттайды, лас істерді үйретеді. Бізге мәлім лотерея, карта, бәс тігілген кез келген нәрсе харам болып саналады. Егер адам білмей істесе, оны тез арада тоқтатып, тәубесіне келуі шарт. Тәубеге келудің бір шарты – пенде оны қайтадан қайталамауы тиіс. Сол күнәні қайтып қайталамаса, онда оның тәубесі қабыл болған тәубеге жатады. Мәселен, осы құмар ойын адамды қаншама ризық-несібеден қағады, тосыннан келейін деп тұрған жақсылықтардан алшақтатады. Отбасының шырқын бұзады, берекесін қашырады. Бұл қоғамда өте ауыр трагедияға әкеп соқтырады. Зияны өте көп. Ортада шаттанған шайтан пайда болады. Сол себепті бұл тыйым салынған, үлкен күнә болып есептеледі. Осы амалдан аулақ болған жөн.

«Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық пен кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ендеше, тыйылмайсыңдар ма?» – делінген (Мәидә сүресі, 91-аят);

«Өзара мал-мүліктеріңді күнәлі жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар!» (Бақара сүресі, 188-аят);

«Адам үшін өз еңбектенгенінен артығы жоқ» (Нәжім сүресі, 39-аят);

«Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен сақтансаңдар, сендердің жамандықтарыңды жасырып, өздеріңді құрметті орынға кіргіземіз!» (Ниса сүресі, 31-аят).

Казиноның біз білмейтін «кухнясы»
Оның іші қараңғы. Таңның атып, күннің қалай батқанын байқамай да қаласың. Терезе жоқ. Болса да пердемен қаптаулы, иісі аңқыған, қызыл-жасыл әлем, сұлу қыздар, құрмет көрсетіп күтіп алған казино қызметкерлері, дилер, күзетші бәрі де сақадай сай. Кірген адам шыққысы келмейтіндей керемет көңіл күй сыйлайды.

Көпшілік ойлайтындай, казино тамақтарына ешқандай қоспалар, дәрі-дәрмектер қоспайды. Ол жерде жаныңа не керектің бәрі бар, керісінше қалағаныңды тегін ал, қысы-жазы таусылмайтын жеміс, небір дәмді тағамдар, арақ-шарап, сусынның сан алуан түрі бар. Дастархан қашан келсең де, жайнап тұрады, вип-қонақтар шеф-аспаздар арнайы жасайтын авторлық тамақтарына тапсырыс береді. Балық, теңіз өнімдері, қарапайым жұрт дәмін татпақ түгіл, тіпті түрін көрмеген тағам түрлері де кездеседі.

Адамның қанағат сезімі жоғалып, жоқ болып, өзі тойса да, көзі тоймай, отырған жерінен тұра алмайтын дертке шалдығады. Көп цифр ұсталғанда шығатын «бинго» деген белгіні казино кухнясында «көп процент» деп атайды екен. Мысалы, біреу 36 мың доллар ұтып, қуанып, секіріп, айғайлап жатса, сырттан қарап тұрған казино иелері «қораға кірді» деп мысқылдап күледі екен. Бір рет ұтып дәмін көрген адамның қайта айналып соғатынына кепілдік бар. Ол міндетті түрде келеді, тағы ойнайды.

Жаңадан келіп ойнаған адамдар қармаққа тез ілігеді. Олар бастапқыда ұтылып көрмеген соң, қорықпай еш ойланбай тіге береді, ал казино оларды ұтқызады. Оңай ақша бәріне ұнайтындықтан, тез бейімделіп кетеді. Кексе әйелдер де, жас келіншектер де еркектермен жарыса ойнайды.

Казиноның біз білмейтін құпиясы өте көп. Оны зерттеген шетелдік ғалымдар небір фактілерді тауып, қайран қалған. Мысалы, Лас-Вегаста алғаш салынған казиноның барлығында айна болмаған, айна салдыруға рұқсат бермеген. Қазір де солай, байқап қарайтын болсақ, көпшілік казиноларда айна қойылмайды. Оның себебі «Адамдар өздерінің шынайы бет-жүзін көрмей, дәл қазіргі сәттегі өмірін ұмытып, қиял әлемінен шықпай ойнайсын», «айнаны көрсе, шындықты біліп қояды», «айнаға қарап өз өмірі еске түседі» деген қағидада жатыр. Құмар ойынға ес-түссіз берілген құрбандарды ғалымдар зерттеп, оны психологиялық дертке жатқызып, «лудомания» деген диагноз қойған. Яғни, бұл – тәуелділік, адамның тоқтай алмауы, өзін басқара алмауы.

Казино ішінде монша, барлық жағдайы жасалған керемет-керемет сауналар бар. Массаж, тәнді рахатқа бөлейтін басқа да дүниелер көп.

Сыртқа шықпай-ақ іште біраз тірлікті тындыруға болады.

Казино жайлы жантүршігерлік бірнеше шындық:
2018 жылы бір жап-жас жігіт Қапшағайдан шыға пойыздың астына түсіп өлген. Қарызы көп болып кеткені сонша, өзіне-өзі ие бола алмай, рельске кесе-көлденең жата салған жерінде пойыз жігітті екіге бөліп кеткен.

Статистикаға жүгінсек, құмар ойынның салдарынан он отбасының ішінен жетеуі ажырасып тынады.

Ер адамның жыныстық гормондары төмендеп, әйел затына деген құмарлығы өшеді.

Сайтанның саны
Адамдардың құмар ойынын тастай алмай жүруінің басты себебі – қарызға батуы. Яғни, о баста ойнаған кезде ұтысқа да, ұтылысқа да қарамай, ел-жұртқа өтірік айтып, ақшаның бәрін қарызға алып, енді содан құтылудың жолы – казино ғана деген сеніммен күн кешеді. Қарыз қысқан сайын уды у ғана қайтарады деп, ұтып алып қайтарамын деген ниетпен ойнаған үстіне ойнай түседі. Сонда, ойлап қарасақ, қарыз беруші адамның өзі казиноға баруға итермелейді екен ғой.

Айта берсек, казиноның құпиясы да таусылмайды. Ойын үстеліндегі дөңгелек «рулетка» «1» санынан басталып, «36» санға дейін орналасқан. «0» саны «зеро» деп аталады, 1-ден 36-ға дейінгі сандардың қосындысы «666» санын береді. Ойнайтындар бұл ақпаратпен жақсы таныс шығар. «666» саны «цифра дьявола» деп аталады, бұл дегеніңіз – сайтанның саны.

Казиноның түп тамыры Францияда деген мәлімет бар. Ол Америкадағы Лас-Вегас сияқты жерлерде ойын-сауық, демалыс, көңіл-көтеру орталығы болып саналса, біздің елде – жынойнақ, тозақтың мекені. Басында ойнаған сәтте барлық дүниені ұмытып, ләззатқа бөленесің, ал соңында дымың қалмай, быт-шытың шығады. Біздің халықтың әлсіз жері – араққа үйірлігі.
Казиноға құмартқан адам түбінде ішімдікке салынады, темекіге әуес болады, нәпсіқұмарлыққа біржола тәуелді болып қалады.

Тәуіпке тәуір болам деп бардым
Басына іс түсіп, сергелдеңге салынған пенде не істерін білмей, дал болады ғой... Мен дәлосындай халде жүрдім. Уақыт өтіп жатты, күн сайын жанымды жегідей жеген өкініш пен елжұрттың қарызы тыным бермеді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдым. Бар ойым – қарыздан құтылып, абыройды сақтап қалу еді. Солай басым мең-зең халде жүргенде, бір туысқаным мені тәуіпке алып барды. Түрік әйел екен. Ол:

– В чем твоя проблема? – деп сұрады.

– Я – «азартник», – деп қысқа қайырдым.

Карталарды ашып отырып, бетіме бір қарады да:

– Сені Құдай сүйген... – деді. – Ал, қазір ше?

– Қазір сені Құдай сүймейді, – деді ол.

Еш таңғалатын мәлімет емес қой. Логикалық тұрғыда миға сыятын дүние. Тағы болмашы бірдеңелер айтты. Ұзақ шыдай алмай:

– Вопрос: я смогу расплатиться с долгами? – деп сауал қойдым. Сөйтсем:

– Да, но нужно время, – дейді.

– Айналайын, түрік апа! Оны өзім де білемін, – деп жыным ұстап, кетіп қалдым.

Құдай сүймейді деген сөзіне тіптен ызам келді.

Негізі тәубеңе келсең, шүкір етсең, кез келген есік ашық. Алла нығметін қызғанбайды ғой. Бірақ бақсы-балгерлерді кезіп кетіп, Аллаға серік қосқаным да жолымды одан сайын байлаған шығар.

Сабыржан деген бір досым бар еді. Менің ішімде сөз тұрмайды, ашық ауызбын, аңқылдап жүріп сыр ақтара салатын әдетім бар, осы досыма да басыма іс түскенін айтып едім, ол: «Бір таныс балгер бар, соған барсаң, кофемен бал ашып береді», – деді.

Сәл нәрсенің өзі маған мүмкіндік сияқты көрінген соң, оған да бардым. Сондағысы – үміт қой, жақсы сөз есту ғана. Бардым. Кофе іштім, балгер ыдыстың түбіне қарап отырып бал ашуды бастады.

– Сені дуалаған екен, сенің көзің байланған, қарызыңнан қазір құтылмайсың, – деді.

Адам жылы сөз естуге келсе, мынадай деп айтқан соң, оған да ашуландым.

Шыққан соң досым екеуміз әбден күлдік. Ол аккордеонмен өлең айтатын, қайтып табысымды көтеремін десе, оған: «Орысша өлең жаттап ал» депті. Бұл белгілі нәрсе ғой, орысша ән айтса, аудиториясы кеңейеді, орыстардың да тойына барып ән шырқайды. Балгердің айтқанын әжуалап, «Саған тағы не айтты?» деп біраз күлкіге қарық болдық. Тағы үш күн келу қажет деді, бірақ бармадым. Ұнамады. Өтірік екеніне көзім жетті.

Содан қайбір жылы тағы бір сондай оқиғаға тап болдым. Жиен інім қайтыс болды, бастапқыда жоғалып кеткен-ді, іздеу салып, инстаграмға жариялаған едім. «Дайректке» (жеке хабарламалар): «Оны іздемеңдер, ол өліп қалды», – деп жазылған бір келіншектен хат келіпті. «Инстаға» кіріп: «Оны қайдан білдің?» – деп жауап жаздым. Ол: «Менде сондай қасиет бар, тек күйеуім рұқсат бермеген соң, көріпкелдікті тастағанмын, бірақ сезіп тұрған соң, айтпасқа болмады», – деп жауап берді.

Расымен жиен інім қайтыс болып кеткен екен. Содан ана әйелге тағы жаздым, менің де өмірімде мәселе бар деп...

Ол: «Саған қатты көз тиген, ауылға барып көкпар берген сәттен бастап тіл-көз өткен», – деді.

Жұмыртқа оқып беремін, соны жейсің дегендей бір-екі амалын айтты, іштей сенген жоқпын, жұмыртқасын да жемедім. Қанша дегенмен, Құдай деген адамбыз ғой, бірақ шешім таппай сандалған соң, осылай сергелдеңге түстім.

Бақсы-балгерді жағалаған кезеңдер де бастан өтті.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

АҚ НЕМЕСЕ ҚАРА! ТАҢДАУ ЖАСАУ ӨЗ ҚОЛЫҢДА!

Бақпен сордың арасы.
Жақсы әрі бақытты өмір сүрудің негізгі қағидасы қандай? Неге біз адасамыз? Бақытты болуды қалап, жетістікті ойлап, отбасын құрып, тәтті ғұмырды аңсап жүріп, бірақ мына өмірден түк бітірмей өтіп кетсек не болады?

Әрине, бізді мазалайтын сұрақ көп. Шешімі біреу ғана. Ол – дұрыс таңдау жасау. Өмірдің барлық кезеңі бізге таңдауға мүмкіндік береді.

Біріншісі – ақ жолда жүріп, адалынан еңбек етіп, отбасыңмен бақытты ғұмыр кешіп, өз міндеттерің мен қызметіңді толық түсініп тірлік ету, бұл – ғажап қой!

Абыройлы болу, жүрген ортаңда құрмет көру, сыйластықпен ғұмыр кешу – тіпті керемет емес пе?!

Ал екіншісі – ел-жұртты алдап, жеңіл ақша тауып, отбасы берекесін кетіріп, Алла тыйым салған харам әрекеттерді жасап, ішімдікке салынып, құмарлық пен нәпсінің соңынан еріп, күйік тағдырды бастан өткеру. Бірақ біз жаман екенін біле тұра, неге екіншісін көбірек таңдаймыз? Өйткені ол жолға түсу – өте оңай. Абырой қалыптастыру үшін жылдар керек, ал оны төгіп алу – қас-қағым сәт. Сондықтан қазақ «шөміштеп жиған абыройды шелектеп төкпе» деген...

Бұл тарауда барлық жиған-терген тәжірибем мен ақыл-кеңесімді ағымнан жарылып бөлісейін деп отырмын.

Мені құмарлықтан құтқарған не?
Мен де құмар ойынын бір күнде қойып кеткенім жоқ. Мың адамға уәде берсем де, өз нәпсімді жеңе алмай, соның соңында жүрдім. Мені құмарлықтан құтқарып алған арнайы құпия жоқ. Бірақ мен көп зерттеу жүргіздім. Сараладым. Өмірімді таразыға салып, ой елегінен өткіздім. Қиын болса да, жүректегі үміт отын өшірмедім. Өзімді алып шығатын жалғыз күш болса, бірінші – Алла, екінші – өзім екеніме толық көз жеткіздім.

Ойынмен әуестеніп жүрген адамға кеңес:
•Ең бастысы – нәпсімен күресу. Оның негізгі шарты – Аллаға сену, онымен байланысқа шығу.

•Мойындау, дүйім жұрттың алдында жасаған өз қателігіңді жасырмай, түгел жария ету. Қысылмай, бетіңді ашып алып, дұрыс өмір сүруге бейімделу.

•Таңдау жасар сәттерде дұрыс ойлану. Мәселен, денсаулық пен ауруды қатар қойса, адам денсаулықты таңдайды. Тура солай, адам не нәрсені болсын соңында емес, о бастан таңдауы керек. Ұтыс бар жерде ұтылыстың бірге жүретінін естен шығармаған жөн. Тоқсан жасқа келгенде ұрпақ алдында абыройдан айырылып, жұртқа масқара боласың немесе балдан тәтті немерешөберені құшақтап, үлгі етер өмір жолы бар ақсақал боласың. Қайсысы дұрыс? Таңда!

•Өзіңді тану! Өзіңді зерттеу. Сұрақ қою. Бала арманың қандай еді, осылай «игрок», «азартник» болуды арман еткен жоқ шығарсың, сол бала арман мен дәл қазіргі арманды салыстыршы, болашақ арман сәйкес келе ме, өзіңді осылай елестеттің бе? Ойлан!

•Мақсат қою қажет. 2050 жылға дейін не бітіру керек, жасайтын жұмыстарың мен әрекеттеріңді жүйеле, себебі мақсаты жоқ адамды адастыру оңай.
Мақсаты жоқтар мақсаты бар адамға жұмыс жасайды, соның қолжаулығына айналады.
Не істерін білмей жүрген адам осындай оңай жолға тез түседі, казино қармағына бірінші боп ілігеді. Әрекет ет!

•Шабыт алатын іспен айналыс! Ән айт, домбыра үйрен, кітап оқы, жүзуге бар. Өз сүйікті ісіңмен айналысуға көп уақыт бөл, ал казиноңа барғың келіп тұрса – оны жаттығумен, мешітке барумен, мұқтаж адамның көңілін сұрап келумен алмастыр.

•Күн тәртібін белгілеп ал. Тәртіпке бағынған құл болмайды, осы сөздің қадір-қасиетін ұғыну қажет. Ол дегенің:
– ұйқыны дұрыстау;
– дұрыс тамақтану;
– спортпен шұғылдану;
– бір мезгіл кітап оқу.

•Спортпен тұрақты түрде айналысу. Өзіңнің хоббиіңе көңіл бөле білу. Мүмкін аңға шығарсың, бәлкім, балық аулауға барып қайтарсың. Мен, мәселен, гастроль ұйымдастырып, барлық ойымды концертке бағыттадым. Сүйікті ісім – ән айту болса, жаңа әндер жаздырдым. Барлық қаланы аралап, жеке концерттерімді өткізіп, казиноны есімнен шығарып, халықтың Бағланына айналуды көздедім.

Әйелге айтар алты кеңес.
Мен әйелімді жолықтырып, онымен отбасы құрғалы бері үлкен деңгейдегі өкпе-реніш пен айғай-шу болған емес. Әрине, ыдыс-аяқ сылдырлайды, отбасылық кикілжің туындайды. Ол – қалыпты нәрсе. Бірақ нөсер жауғаннан кейін артынан күн шығатыны сияқты, түк болмағандай отбасылық бақытымыз өз жалғасын таба беретін.

Өздеріңіз білетіндей, жұлдыздар арасында «Чемпион» деген жоба болған еді. Сол жобаны мен әйелімнің сенімінің арқасында жеңіп шықтым десем, артық емес болар. Ол қолдады. Қолымнан келетін іске ешқашан күмән келтірген емес. Жаттығудан шаршап келсем, киімдерімді жуып-шайып, түнімен болса да реттеп қоятын. Дайындық барысында талай рет «травма» алдым, емдеп-жазып, мені әбден баптады. «Мен саған сенемін» деген сөзін естіп, қолдауын сезіндім. Әйелім мен не айтсам, соны істейтінімді өте жақсы біледі, ең бастысы, сенеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сөзімен емес, әрекеттерімен үлгі болған ғой. Менің жарымның исламнан, дінімізден хабары болғандықтан да шығар, қандай қателік қадам жасасам да, кешіріммен қарап, әрқашан демеп отырды.

Құмар ойынға барып жүргенімді білген сәтінде ренжіді, бірақ ешқашан менен кетуді ойлаған жоқ. Үйде реніш болса да, мен қанша рет ішіп келіп, араққа салынып, қарызға батып жатсам да, мені кінәлап, қарсы сөз айтқан жоқ. Тек бір сәт есімнен кетпейді. Мен жарияға жар салып, Аман Тасығанға сұхбат бергеннен кейін, ол:

– Мен ел-жұрттан сіздің бұл қылықтарыңызды жасырып, менің күйеуім керемет деп мақтап, төркініме тіс жармай, ешкімге айтпай, бәрін жауып жүрсем, сіз оп-оңай бір-ақ күнде тұтас халыққа жария салып, айтып тастағаныңыз не?! – деп қатты ренжіді.

– Маған журналист Аман Тасығанның нөмірін беріңіз, мен хабарласып сұхбатты алдыртып тастаймын, ұят болады. «Күйеуің «азартник» болыпты ғой» деп маған бәрі жан-жақтан хабарласып, шок болып жатыр.

Дегенмен сөз соңы ер-азаматта ғой, мен:
– Кешір, сен үш күндік нәрсені ойласаң, мен үш жылдық нәрсені ойлаймын, – деп бастап келе жатсам:
– Ой, қойыңызшы осы, көрдік қой үш жылдықты ойлағаныңызды, аяғыңыз аспаннан келіп, өлемін деп жүр едіңіз, – деп, ол да ашуланды.
– Кім қателеспейді, қайта мойындаған соң ішім босап, жеңілдеп қалдым, ең бастысы, боламын, жанамын деген адамға сен олай кедергі жасамай, қайта қолдау көрсет. Амалдан ниет жоғары, халықтың алдында мойындадым, енді тіптен ондай іске бармаймын. Мен бұл сұхбатты бергенім, ел мені есіркесін деген ой емес. Қайта осындай жолға түскен қаншама бауырыма сабақ болсын, – дедім мен.

Ол да түсініп:
– Сізден бәрі ақыл-кеңес сұрап «инстада» жазып жүр ғой, бәрін жинап, тренинг өткізбейсіз бе? – деп күліп алды.

Жақсы идея берді.
Оған да көлікті ұтып алып, казинодан әкеліп бергенде, оның қандай жолмен келгенін білмеген еді. Кейін білген сәттің өзінде: «Имамдар «нормально» деп айтты, айдай бер» деген едім.

Алайда сол көлік, өздеріңіз білетіндей, қалай келді, солай кетті ғой...
Мына оқиға көпшілікке үлгі болар. Өзгеремін деген адамға Алла өзі көмек береді. Ең бастысы, ниет хайырлы.

Күйеуі ішімдікке салынып, араққор болған әйел әбден шаршап, бір ғұламадан келіп ақыл сұрайды:

– Күйеуім жұмыс істемейді, нан таппайды, арақ ішіп, бала-шағаның, үйдің берекесін алып бітті, тек араққа салынып, жата береді, мен шыдамаймын, ажырасамын, – дейді.

Ғұлама:
– Жарайды, мына сұрақтарға жауап берші, төркініңе алты баламен сыясың ба? – дейді.
– Жоқ, сыймаймын ғой...
– Жақсы, ал құрбыңның үйіне алты баламен сыясың ба?
– Жоқ, қайдан...
– Ал жеке пәтер жалдасаң, осы балаларды асырап, әке бола аласың ба? – Жоқ...
– Олай болса, асықпа, ойлан. Өз үйіңнен басқа жерге басып сыймайсың, – дейді ғұлама.
– Енді не амал қылсам болады? – деп сұрайды келіншек.
Ғұлама:
– Есіңде болсын, жәбірленушінің дұғасы әркез қабыл болады. Сабыр етесің, Алла саған көмекке келеді. Өйткені Алла мен жәбірленушінің арасында перде болмайды, – деп ақылын айтады.

Содан үйіне барып, әйелі күнде намаз оқып, дұға тілеп, Алламен байланыс орнатады. Тоқтаусыз тілеген тілектің арқасында күйеуі арақты қойып, дін жолына түседі. Сөйтіп, өздері тұрып жатқан ауылдың мешітіне жұмысқа орналасып, сол жерде азаншы болып кеткен екен.

Менің келіншегімнің де бір ұтқан тұсы болса, ол – күні-түні сұраған дұғасы. Қиын сәтте қыспаққа алмай, қасымнан кетпей, тілеген тілегі мен дұғасы біздің отбасымызды сақтап қалғаны анық.
Күйеуі құмар ойынға кіріп кеткен, маскүнемдікке салынған әйелдерге нақты алты кеңес:
•күнделікті Құдаймен байланыс жасау, үздіксіз дұға тілеу, күдер үзбеу;
•кінәламау. Ер-азаматты ол тірлігі үшін жазғырмау. Қанша жерден шаршаса да, күйеуіне асты адалынан беріп, жылы қабақ таныту;
•қандай жағдай болса да, жалғыз жарыңның амандығын тілеу;
•шабыт беру, болашағына сену, кезіндегі жасаған жақсылықтарын еске салып тұру, жақсы қасиеттерін жиі айту. «Күштісің» деп мақтау, дос тарына жақсы қарым-қатынас таныту, оның да ортасына құрметпен қарау;
•өз міндетін толық сезіну. Эмоцияға ерік бермей, сабыр қылу. Күйеуі ішіп келетін болса, соған өзін психологиялық тұрғыда дайын ұстау. Қалай болған күнде де, үйдің берекесін сақтауды ойлау;
•сөз таластырмау. Оның ісіне араласпау. Әйел адам еркегіне сенімсіздік танытып, көңілі толмайтынын білсе, ер адамның тірлік жасауға деген ынта-жігері қалмайды. Сол үшін оның жұмыстарына, айналысып жүрген ісіне бас сұқпау. Шешім қабылдауды оның құзырына қалдыру.

Әрине, бұл әрекеттерді жасау әйел адамға да оңай емес. Бірақ күйеуім жаман дегенмен, сізге ешкім жақсы күйеуін әкеліп бере салмайды. Есіңізде болсын, балам патша болсын десеңіз, әкесін хандай күтіңіз!

Қарыздан құтылудың жолы қандай?
Алдағаннан гөрі – алданған тәуір, арың кірленбейді. Қарызға ақша алу үшін алдаған адамымның санында есеп жоқ.

Қарыз болған адам алған ақшасын уақытында қайтармаса, ең бірінші – абыройдан айырылады.

Қарыздан құтылу үшін:
•ең алдымен қарыз адамдардың тізімін жазып алыңыз. Кімге қанша қарызсыз, есептеңіз. Біріншіден, қарызды тек таныстар береді. Шындығы сол – адамның бәрін жинап, алдынан өтіп, уақыт сұрау. Бөліп беремін деп ескерту қажет. Бәрі адам ғой, қалауын тауып дұрыс сөйлесе білсеңіз, келісуге болады;
•егер банкке қарыз болсаңыз, алдымен кредиттерді жабу жағын ойластыру керек. Себебі пайыз өсіп, қарыз арта береді;
•пайыздық өсімге зат алсаңыз, мұндай жағдайда көліктің де, үйдің де бағасын салыстырып көру керек. Егер өз бағасына шығып тұрса, «залогқа» қойған көлікті, пәтерді, тағы басқа құнды нәрселерді өткізе салған жөн.

Өмірлік мақсаты бар адам адаспайды
Казино, яғни құмар ойынға қандай адамдар тез бейімделіп кетеді? Бұл сұрақты көпшілік қоятыны рас. Негізі, мұндай оңай ақшаға кез келген адам қызығады. Казиноның қандай адамды болмасын өзіне тез тартып алатын тылсым күші бар. Ойнамаймын, қызықпаймын деген адам ол ортаға бір-екі рет тап болса, үшінші күні ол жерге тез-ақ еті үйрене бастайды.
Адам өмірде мақсат қою керек. Егер Құдайдың құлы болмасаң, жылтыраған дүниенің құлы бола бастайсың...
Біріншіден, мақсаты жоқ адамдар казиноның қармағына тез ілігеді. Мысалы, 2004 жылы мен Алматыға келдім, біртіндеп танымалдылыққа ие болып, халықтың батасын алып, ақша тапқаныммен, нақты оны қалай, қайда жұмсаймын деп ойламаппын, алдыма мақсат қоймаппын. Мақсатым болса, бәлкім, тапқан ақшамды орынды жұмсауды үйренетін едім ғой деп ойлаймын. 10–15 жылда жетемін деп көздеген мақсатым болмағандықтан, адасқанымды жасырмаймын. «Жақсы жігіт жеті ұрпағын ойлайды» деген, ол уақытта жеті ұрпақты емес, жеті күнімізді ойлап жүріппіз-ау!

Осы тұста хакім Абай атамыздың:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын,
– деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Екіншіден, өмірде көп қиындық кешіп, ақшадан таршылық көріп өскен отбасынан шыққан бала осындай қылыққа бой алдырады. Бұрынсоңды ондай қомақты ақша ұстап көрмегендіктен, көрсеқызарлыққа салынып, қатты қызығушылықпен азартқа кіреді.

Үшіншіден, бойындағы күш-қуатын қайда жұмсарын білмей жүрген «көшенің балалары» көбіне казиноның құрсауына тап болады. 1990-жылдары «көшенің проблемасы» мен «базар мәселесін» шешіп жүрген жігіттер, нақты айналысатын істері болмағандықтан, жеңіл жолмен ақша табуға тез бой үйретіп алды.
Өйткені олардың сана-сезімі заңгер, мұғалім, дәрігер болу керек деген сияқты ұғымды қабылдамайды. Қысқаша айтқанда, казино жеңіл жүрісті, таяз ойлы адамдардың орталығы болып саналады.
Төртіншіден, құмарлықтың құлдығына ұшырайтын – бай-бағландар балалары. Ішкені алдында, ішпегені артында, не кием, қайда жатам, қалай өмір сүрем деген сауалға бас қатырмайтын, әкелері «хан» етіп өсірген балалар. Ақшаны бей-берекет жұмсап, оны қайда құртатынын білмегендіктен, ләззаттың түр-түрін көріп, соңында осы құмарлыққа тап болады.

Әкесінің ақшасына өмір сүріп, бәрі жеткілікті болғандықтан, төрт құбыласы түгел, әу баста қызық үшін келеді. Бұл ретте отбасындағы тәрбиенің де әсер-ықпалы зор. Әкесі де құмар ойын ойнап, анасы да баланың бетінен қақпай өсірсе, мұндай тәрбие көрген бала одан алыстап кете алмайды, түптің түбінде осындай жағдайға душар болады.

Біз де сабақ болсын деп, біраз оқиғаны тілге тиек етіп айтып жүреміз ғой. Мысалы, көпшілікке үлгі болған кәсіпкер Бауыржан Оспанов ағамыз бала тәрбиесіне аса мән беріп, ұл-қыздарын ауылға демалысқа жіберген кезде үйге қонақ келсе, солардың аяқ-киімін сүрткізіп, тазалауға жұмсайды екен.

Сол сияқты жақында шешендік шеберліктен дәріс беретін Қуаныш есімді азаматпен таныстым, ол да бала тәрбиесіндегі өз тәжірибесімен бөлісті. Ол адамның «фишкасы» неде деп ойлансам, бар жиған-терген ілімін балаларына дарыта беріпті. Үлкен баласы жетінші, ал кішісі бесінші сыныпта оқиды екен. Екеуіне велосипед алып беріпті. Олар оны мектептегі әр үзіліс кезінде балаларға бір айналып теуіп келуге жалға береді екен, солай жинағанда, орта есеппен аптасына бес мың теңгедей ақша табатын көрінеді. Оның 20%-ын аналарына беріп отырады, қалғанын өз кәделеріне жаратады. Енді әкелері велик емес, қазіргі сәнде самокат болғандықтан, келер оқу жылынан бастап самокат алып беремін деп отыр.
Ойланып отырсам, балықты бірден жеуді емес, аулауды үйрететін ата-ана өмірде ұтылмайды екен ғой.
Мен болсам тез эмоцияға беріліп, қарызға белшеден батқан соң, одан шығудың жалғыз жолы – өлім деп ойладым. Содан: «Бағлан, жақсы, қазір өлесің, сосын жетісін береді, қырқы өтеді, сосын ел-жұрт жиналып жылыңды өткізер, ешкімнің ештеңесі кетпейді, тек ата-ананың жүрегі ауырады, сөйтіп өліммен бәрін шештім деші, бірақ жаназаны шығарып жатқанда жамағаттан имам: «Қарызы бар ма?» – деп сұрайды емес пе? Мына дүниеде қарызымды өтемесем де, о дүниеге барғанда бәрібір «тозақтың випіне» кетейін деп тұрмын ғой», – деп өзіммен сөйлесіп отырып, өлімнен тыйылып, тоқтатып тастадым.

Ойға шомып кеткендігім болар, жынойнаққа 200 мың доллар тапқанда, неге жан рахаты, жақсылыққа осы ақша табылмай қалады деген ойға келдім, бұл ой да маған көп мотивация берді. Содан «табамын, адал ақша табамын», – деген шабыт оянды.
Әр адам өзімен шынайы сөйлесуді бастаған сәтте өмірге қайта келгендей болады. Бар қателігін мойындаған адам жеңіл өмір сүре бастайды.
Баяғыда бір хан өзінің уәзірін шақырып алып, тапсырма беріпті. Хан:

– Үш сұрақтың жауабын тауып келсең, саған байлығымның жартысын беремін, егер таппаған болсаң, қара халықтың алдында ұятқа қаласың, – дейді. – Ол қандай сұрақ?

– Әлемдегі өтірік не, шындық не және ең биік не? – деген сұрақты қойыпты.

Уәзірге ойлануға бір апта уақыт береді. Ары ойланып, бері ойланып, жауабын таппай дал болған уәзір, халықтың алдында ұятқа қалғанша, елден қашып кетпекке бекінеді. Сөйтіп сәйгүлігін ерттеп, елден жыраққа жолға шығады. Содан арып-ашып, қатты шаршап, бір жазық далаға тоқтап, атын байлап, сол жерге ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатқан жерінен көріп қалған бір қойшы оны оятып:

– Жапан далада мынадай қымбат безендірілген сауыт-сайманмен неге ұйықтап жатырсыз? – деп мән-жайды сұрайды.

– Хан ием үш сұрақтың жауабын тап, тапсаң, байлығыммен бөлісемін, таппасаң, халықтың алдында масқара боласың, – деп тапсырма беріп еді, сұрағына еш жауап таба алмадым. Мені мазалама, елден жыраққа кетіп барамын, – дейді қойшыны менсінбей.

– Оу, уәзір, ол қандай сұрақ? Айдалада қой бағып жүрген қойшы қайдан білсін деп айтпайды. Қойшы: – Бәлкім, мен білетін шығармын, – деп қоймай қояды.

Уәзір:
– Хан менен «шындық не, өтірік не, әлемдегі ең биік не?» – деген сауалдың жауабын табуды өтінді, – дейді.

Қойшы соны да білмейсің бе дегендей мысқылдап:
– Шындық – өлім, – дейді. Уәзір қойшының жауабын ұнатып қалады.
– Ал өтірік не? – дейді ол. – Өтірік – ол осы өмір. Бәрі уақытша, өтірік қой.
– Мәссаған, расымен солай ғой. Ал жақсы, үшінші сұрақ: ең биік не? Осы сұраққа жауап берші. – Жоқ, бұл сұрағыңа оңайлықпен жауап бермеймін.
– Неге?

Қойшы:
– Сен ол сұраққа жауап білгің келсе, менің итімнің жанына түнеп, соған берген тамақты іш, – деген шарт қояды. Уәзір амалдың жоғынан келісімін береді.
– Жақсы, айтқан шартыңды орындайын, бірақ сен ең биік не екенін айтып бер, – деп қолқа салады.

Содан қанша жерден уәзір деген аты болса да, иттің жанында қонып, жуынды ішіп, сұраққа жауап алудан бас тартпайды.
Сонда қойшы:
– Көрдің бе, сен өз мақсатыңа жету үшін тіпті мен айтқан жаман ұсыныс, шартқа да келістің. Оған жету оңай болған жоқ. Өмірдегі ең биік нәрсе ол – адамның мақсаты, мақсатқа жету жолындағы кедергіге қарамай, сол биікке ұмтылу. Сен де мақсатқа жету үшін шартыма келістің емес пе? – деген екен...

Баласы шалыс басқан ата-ана әрекеті қандай болуы керек?
Менің ата-анамның екеуі де педагог. Мектепте өте жақсы оқыдым, Түлкібас ауылының бетке ұстар, үлгілі оқушыларының қатарында болдым. 6–7 сыныпта алма теріп, оны пойыздарға шығып сататын едік, адал еңбекпен ақша табуды мен де үйреніп өстім. Шөп орып, дала жұмыстарын атқаруда белсенділік таныттым. Алайда мені әкем де, анам да ешқашан шектеген емес, бетімізден қақпай, өз дегеніммен өсірді. Түпкі сана-сезімімде «мұғалімнің баласымын, жақсы оқуым керек» деген ұстаным болды.

Қазақ халқының қателігі де сол шығар, біз көп жағдайды «ұят» санап, баламызбен сырласып, талқылап айтпаймыз. Сондықтан бала көп қателікке ұрынады. Мысалы, мен әкеммен сырласқан емеспін. «Менталитет» деген ұғым жібермейтін.

Ата-ана өмірдің бұралаң соқпақтары туралы әңгімелеп, сақтандыра білмегендіктен, біз қызық көріп, әр жолға түсіп кетуіміз ықтимал. «Ешкімнің ала жібін аттама, сабақты жақсы оқы» деді, бірақ өмір кезеңдерінің қиындықтары мен түрлі кедергілері жайында ашып айтып, құлаққа құйып отырмағандықтан болар, біз қателікке ұрындық. Өмірге бейімделмегендіктен болар, «біреудің қаңсығы бізге таңсық» көрінді. Бірақ ешқашан бұл әрекеттеріме ата-анамды кінәламаймын. Себебі ата-ананың қай-қайсы да баласы жаман болсын демейді, бірақ соған тереңірек мән бермей, дұрыс әрекет жасай алмай қалатын кездер болады.

Менің өмірлік миссиямды ашып көрсетпегендіктен, толыққанды адам есебінде өз міндетімді өзім де түсінбегендіктен, осындай қадамдарға барған шығармын. Қазір ақталудың жолын іздесем, толып жатыр. Өмір жолымызға ұлттық менталитеттің кедергі келтіріп қалатын тұстары да жоқ емес. Темекі, зина жасау, құмар ойын, анаша, ішімдік сияқты жаман нәрселерге байланысты әкеммен сырласпадық. Оның қандай болатынын, арты неге әкеліп соғарын ол кісі де, мен де бағамдай алмадық. Тек оқушы кезімде балалармен жаға жыртысып, шекісіп қалған сәттерде ғана әкем еркекше кеңестерін беріп отыратын. Осындай, белгілі бір деңгейде ғана әңгімелесетінбіз. Өз өмірімнің өткелдерін қорытындылай келе, бала өсіп келе жатқан кезеңде сырласатын ең жақын ағасы немесе әкесі болуы керек деген ойға бекіндім. Себебі әкемізге айта алмасақ та, ағамыздан ақыл сұрасақ, адаспас па едік?! Егер ол адам түсініп, дұрыс жол сілтей алса, тіптен керемет.
Ата-анаға бәрін жүктеп, мойнына артып қоя беру де дұрыс іс емес. Қазіргі уақытта бала тәрбиесі, дұрыс ата-ана болу, күйзеліс, депрессиядан құтылу жолдары сияқты тақырыптағы кітаптар көбейген. Олардың пайдасы орасан зор.
Небір тренинг, семинарлар мен кеңес беру орталықтары ашылды. Мен де өзімді ұзақ іздеген адаммын, қиналған сәтте осы мотиваторлар, жаттықтырушылар мен психологтар кездессе, дұрыс жолды көрсетсе, осынша уақыт жоғалтпас едім деген ойға келемін. Казиноның зияны жайлы алдыңғы буын ағалар осындай кітап шығарса, одан құтылудың жолдарын көрсетіп, ақыл айтып, көмек берсе, ізденіп, тауып, кітаптың түбін түсіріп оқитын едік. Қазір кітап та, жаттықтырушы да, психолог та көбейді дейді. Көбейсін. Бірі болмаса, бірі адамның жақсы өмір сүруіне пайдасы тисе, несі жаман?

Тағы бір айтар ұсынысым, мектеп оқушыларына зиянды әрекеттерді таныстыру, сақтандыру шаралары жайлы бағдарлама енгізілсе дұрыс болар еді. «Құмар ойын, ішімдік деген харам, оның соңы жамандыққа әкеледі» деп санаға құя берсе, бәлкім, нәтиже шығар ма еді. Біз маңдайды тасқа соққан соң ғана одан құтылудың жолын іздеп бастаймыз ғой. Әсіресе біз сияқты ауылдан келгендер қаланың көзді арбап, қызық көрінген алдамшы дүниесінің шырмауына тез түсіп қаламыз. Жылтырағанның бәрінің дәмін көреміз деп жүріп, пәлеге ұрындық.
«Ең бастысы, адам адаспас үшін иманды болу керек. Менің балам бес уақыт намаз оқиды», – деп ата-ана қатты сенеді. Алайда иман жүрекке түспеген соң, сол бес уақыт намаздың өзі аздық етеді екен.
Намаз оқып жүріп те шалыс басқан қадам көп. Өз басым барлық адам баласы Шәкәрім атамыздың «Келдім қайдан? Қайтсе пайдам? Өлгеннен соң не болам?» деген сауалына жауап іздесе, адаспас деген түйінге келдім.
Ересектер де кейде бала сияқты. Мысалы, бала «ұстауға болмайды, жаман» деген нәрсені, керісінше, көргісі келеді, біздің де психологиямыз тақылеттес. Ата-ана өз баласының туабітті мінезі мен жүріс-тұрысын, қабілетін анық біледі ғой. Егер бір мезетте ата-ана баланың бойынан артық жүріс, дұрыс емес қылық көре бастаса, ұялмай, ашық әңгімеге көшу қажет. Байқамағандай жүре берсе, жағдай күрделеніп кетуі мүмкін. Егер баласымен өзі сөйлесе алмаса, ортаға адам салу керек. Бір адамдар арқылы өз балаңызға көмекке келу дұрыс болмақ. «Ұрының арты қуыс» дегендей, бала қателігін сізден жасырып өмір сүрсе, ол психологиялық ауыртпалыққа тап болады, өзінен-өзі қуыстанып, ұялып жүретін болады.

Балаға ең жақыны – әке мен ана. Олар көңіл бөлмей, жат адамша салқындық танытса, бала өзін ешкімге керексіз сезініп, білгенін жасайды. Ал оның соңы жамандыққа әкеліп соғады.
Казиноға барып, құмар ойыннан арыла алмай жүрген адамның ата-анасына беретін кеңестерге көшейік.

«Уже» барып ойнап жүрген баласын атаана қалай қойдыра алады? Баласын осы құмар ойыннан шығара алмай жүрген ата-ана не істеу керек? Маған ең көп қойылатын сұраққа жауап болсын.

Негізінде, дәл сондай жағдайда жүрген адам ешкімнің ақылына құлақ аспайды. Анасының атымен ант етіп жүріп, алдап кете беретін адамдар да болады. Өз басымнан талай сынақ өтті ғой. Араласқан ортада картаға әйелін тігіп жібергендер де кездеседі. Анасы мен әкесіне өлердегі сөзін айтып, бірақ ойынды тоқтата алмай кеткен қаншама жігіттер бар?!

Егер балаңыз сондай ойынқұмарлыққа душар болса:
•денеде жара пайда болса да, жеміске құрт түссе де, ең алдымен оның құртын тазалайды емес пе? Адамның жанына батып жүрген нәрсені одан сайын қазбалап, бетіне басып, жараға тұз сеппей, біртіндеп құртын сылып тастау керек. Абайлап, ашық сөйлесіп, баланың ерік-жігерін жаншымай, шын жанашыр екеніңізді дәлелдеңіздер, мәселені шешу жолын ұсыныңыздар;
•екіншіден, нақты әрекет жасау. Ата-ана да, бауыры да, әйелі де жасайтын үлкен әрекет, ол – дұға. Алладан күдер үзбей, баланың жүрегіне иман тілеп, оны жақсы жолға түсіруін күні-түні тілеген лазым.
•ал беті ашылып, бала дегбірсізденіп, ойнамай тұра алмаса, әкесі оған бірнеше сынақтар дайындап, тапсырма беруі қажет. Мысалы, қолына 200 мың теңге ұстатып: «Барып ойнап кел. Бірақ бір шартым бар: оған дейін шын ақшаға, қара нанға, денсаулыққа мұқтаж жанды тауып ал да, осы ақшаның 20%-ын бер», – деп сынап та көру керек. Өзіме де көмектескен осы әдіспен біраз адамды құмар ойыннан құтқардым десем, артық айтқандық емес. Өйткені садақа бәле-жаладан, жамандықтан сақтайды. Жүрегінің түбінде тым болмағанда казиноға бармауға деген ниет пайда болады, мұқтаж отбасының жағдайын көрген соң, жүрегі жіби бастайды, сол эмоциямен ойынға барғысы келмей, орта жолдан қайтады. Көшедегі қайыршы тиын сұраса, мың доллар бермейміз ғой, бірақ ойынға келгенде мың доллар мәселе емес, табыла кетеді. Оны адамға емес, ойынға қиямыз...
Сосын, жалпы ер-азамат ата-анасының разылығын алатын болса, ешқандай пендеге жау шаппайды. Ата-ананың дұғасы қайтпайды. Оған дәлел ретінде мына мысал ойымнан кетпейді.

Жаугершілік заманда бір батыр шайқасқа сауыт кимей, тек найзасын ғана алып шығады екен және еш жарақатсыз қайтады. Сонда барлық батырлар оған таңғалып, мұның құпиясын жарыса сұрайды. Батырдың бұл әдеті бірнеше жыл бойы қайталаныпты. Содан бір күні ұрысқа қалқанын алып, сауыт киіп шығыпты. Бәрі тағы таңғалып:
– Неге сауыт киіп, қорғанып шықтыңыз? – деп сұрайды.
– Сауыт кимей жүргенім – ол кезде анам тірі еді, күн сайын батасын алып шығатынмын, қазір анам өмірден өтіп кетті, енді мені сақтайтын ол кісінің дұғасындай құдіретті күш жоқ, – деген көрінеді.

Отбасы махаббаты маңызды.
Отбасы тарапынан қолдау көру – ер-азамат үшін аса маңызды. Өмірдің мәні неде деп жауап іздеп, көп сандаламыз. Өмірдің мәні – ұрпақ тәрбиелеу, дұрыс жолға әрі жәннатқа жетелейтін салиқалы ұрпақтың ата-анасы болу дегенге салды.

Басыма осындай іс түскенде қолдайтын жанашыр жоқ болса, менің де салым суға кетіп, өзімді тіпті жоғалтып та алар едім. Бірақ маған балаларым мен жұбайым сүйеніш болды. Үйге келгенде: «Жынойнақтың ортасынан келдің бе?» – деп әйелімнің жақтырмай қараған сәттері болған емес, әлі күнге риза болатыным – ол маған кінә тақпады. Әрине, кикілжің болып тұратын, бірақ біз ол кезеңнен оңай өттік.

Ол асын адалынан беріп, балаға көңіл бөліңіз деп, менің ойымды басқаға бұрып, маған қолдау көрсетуге әркез дайын болды.
Қарызға белшеден батып, сырттан онсыз да жылылық көрмей, сергелдең күйге түскенде, үйіңде де қамқорлық болмаса, «бомжға» айналу оп-оңай.
Үйге келгенде балаларым еркелеп, алдымнан шықса, «менің былықтарыма осы балапандарымның не қатысы бар?» деген ойға шомып жүрдім. Үйдің аурасы, энергиясы менің жалғыз емес екенімді үнемі еске салып отыратын. Әкелік рөлімді дұрыс атқаруға тырысып жүріп, қателіктерімді жуып-шаюға бар күш-жігерімді арнадым. Өзім ғана емес, үйдегі отбасымның да менімен қоса зардап шеккенін қаламайын деп, өз-өзімді қолға алу жұмысы басталған еді.

Әйелім:
– Қарыздарыңыз не болып жатыр? – десе:
– Уайымдама, аз қалды, құтылып жатырмын, – деп оны алаңдатпай, бәрін сырттан реттеп келуге тырысатынмын.

Егер сырттағы мәселені ішке тасып, уайымға салынсам, келіншегім менімен қоса қиналатынын ұқтым. Қиын кезеңде әйелің саған, сен әйеліңе түсіністік таныта білсең, көп нәрсе ұтасың. Ал сен де оны ренжітіп, ол да айтқанынан қайтпай, мінез көрсетсе, түбінде екі жақ та ешқандай береке таппайды. «Еркектен бүлік шықса, әйелден қылық шығады» деген. Сол үшін ер адам өз орнын біліп, әйел адам да ерін сыйлап, «отағасы» деп құрметтесе, бәрі де дұрыс болмақ.

Әйел адам:
•күйеуі қайдан келсе де, асын адалынан беріп, тамағын ұсынып, жылы қабақ танытуы – даналықтың белгісі;
•ерін болған іске кінәламау, керісінше себебін анықтап, оған демеу болу – ақылды адамның ісі;
•үйдің берекесін сақтап, артық қимылы мен сөзін тыйып, айтқанға көне білуі, ерін сыйлауы – тәрбиеліліктің нышаны;
•ал күйеуі қандай жағдайға тап болса да, оны сөкпей, қолдап, сенім арту – махаббаттың шынайы көрінісі.

Сондықтан үйдегі жылуды суытпай, ошақтың отын өшірмей, күйеуіңнің қателігін бетіне баспай, оған қолдау көрсетіп, кедергіні бірге жеңуге бар күштеріңізді салу қажет.

Ал егер бойдақ адам болатын болса, ата-ана, дос-жаран, туған-туыс – бәрі тек мейірімділік танытып, қасында екендерін жеткізіп, әркез сенім білдіріп, арқасынан қағып, тығырықтан шығарып алуға көмектескені абзал. Себебі Алла Тағала өз бауырына, туысқанына болысып, көмек берген құлын жақсы көреді. Табалауға, жазалауға асықпаңыз, түсінуге тырысыңыз.

Бар бақытты бағалай біл!
Басымызға іс түспейінше, өмірдің қадірін, «бақыт» деген ұғымның бағасын түсінбейміз ғой. Мысалы, ойынға қатты барғым келіп, тыпырши бастаған сәтте, жоғарыда айтқандай, мұқтаж жандарға көмектесіп, садақа беріп, үйлерін аралап қайтқан сәттегі эмоция мені ұзақ ойландыратын. Ауырып жатқан баланың, сырқат кісінің жағдайын сұрап, көмек қолын созғанда, балашағасымен қатты қуанған ана, отбасымен риза болған үлкендер, кішкентай балапандар рақметін айтқан кезде, жүрек елжіреп кетеді. Олар «Алла разы болсын!» деген тілекті көп айтады, ал ол сөз менің жүрегімді жібітіп, ойнасам, ұтсам деген нәпсімді сындырып түседі.

Шәкәрім:
Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса, Айтқан сөзің ем емес!
– деген.

О бастан қателік жасаған соң, менің сөзім кімге өтеді деп өзім де көп ойлайтынмын, бірақ азарттың азабынан, құмар ойынның құрсауынан өзім шығарып алған бірталай жігіт әлі де алғысын айтады. Алламен байланыс жасап, Құдайымды таныған соң, мен өзгере бастадым.

Барлық аурудың өз емі бар, дәрігерлер диагнозды анықтаса, қандай дәрі ішу керек екенін айтып, денедегі сырқатты емдейді. Ал құмар ойынға деген тәуелділік – адамның жан-дүниесінің сырқатқа шалдығуы, рухани жұтаңдыққа ұрынуы. Жаның ауырады, ем таппайсың, ойнамаймын дейсің, бірақ ойнайсың. Бойыңа біткен бар жақсы қасиетіңді көре алмайсың, қолыңнан басқа іс келмейтіндей өмір сүре бастайсың.
Маған Алла керек қабілеттің бәрін берген екен, тек байыбына бармай, бағасын білмей, өзім адастым.
Өлең айтамын – дауыс берген. Түр-әлпетім келісті, спортпен де шұғылданамын, қажет тұста ойымды анық жеткізіп сөйлеймін де. Тыңдармандарым бар, әндерім де халыққа өтімді. «Неге осы бақытты кем көріп жүрмін, осы қасиеттің біреуі басқа жігітте болса – ол оны баяғыда-ақ дұрыс пайдаланып, бай-қуатты өмір сүретін еді ғой» деген ойға шомып, ақырындап өзіме сұрақ қоя жүріп, өзіме деген құрметті, сыйластық пен жақсы көру сезімін іске қостым. Екі-үш жыл қоғамнан, ортадан алыстап қалған соң, сыйым кетті деп іштей өзімді жеуді доғардым. Мың шүкір, жақындарым және қадірлі адамдарыммен бірге сынаққа түспей, соқа қара басым қарыз деген сынақтың жеңіл түрінен өткеніме қуанамын. Бас аман болса, ақша табылады. Қарыз қайтарылады ғой. Дәл осылай өз философиям күннен күнге өз күшімді ұстап тұруға көмек берді.

Алла бізге барлық нығметті үйіп-төгіп берген. Тек соны пайдалана алмай, қалай болса солай өмір сүруіміз – қателік. Табиғат, мал, жан-жануар, бәрін де Алла адамға қызмет етсін деп жаратқан. Тіпті сол жаратылыстың мойнына жүктелген қызметтерін айна-қатесіз атқарады емес пе?

Мал ішпейтін ішімдікті, сана-сезім бола тұра, біз ішеміз, ал букмекерлік кеңселерде, казинода отырған сиыр көрдіңіз бе? Қапшағайға ойнауға кетіп бара жатқан мысық көрдіңіз бе? Немесе қытайдың ащы сорпасын ішіп отырған итті көрдіңіз бе? Тіпті ит екеш иттің өзі ондай «китайский лапшаны» аузына алмайды екен. Мал жасамайтын тірлікті жасап, өзімізді қор қылып жүрген – өзіміз.
Сөйтіп, осы сұрақты қазбалай-қазбалай түбіне жеткен соң, он сегіз мың ғаламның мәселесі шешілгендей, бойым жеңілдеп қалды. Өмір сенікі, қайықты айдаған сәтте тура кетесің бе, солға әлде оңға бұрасың ба – өзің білесің, қайыққа отырып алып, бірден неге жүрмейді деу қателік, оның ескегі бар, сол сияқты тірліктегі нәрсенің бәрінің тетігін Алла өзі дайындап берген, тек соны дұрыс, орнымен пайдалана білсең болды.

Бірақ біз көз алдымыздағы мүмкіндікті көрмей, сәл қиыс нәрсе болса, айналамыздағы досжаран, туысты кінәлап, одан қалса, өкіметті жамандап, соған өкпе артамыз. Дәулетті, бай әулетте тусаң да, атадан қалған байлық балаға мал болмайды.
Кедей қазақ жоқ, тек жалқауы бар.
Бізге бір есік жабылса, артында тұрған он есіктің ашық екенін байқамаймыз. Бір күйзеліске түссек, шыңыраудың түбінде ұзақ отырып қаламыз. Шешімді, шығар жолды Алла нұсқап тұрса да, көзімізді шел басып, аңғармаймыз.

Ойымды қорытындылай келе, түйгенім – Алланың алдында бәріміз де бірдейміз. Тек адам гершілік ұғымына сай, ережеден ауытқымай өмір сүрсек болғаны. Басымыздағы бар бақытты бағалай білейік, мәселен, мен танымалдылық, өнер жолы, өз жолым маған үлкен сый ретінде берілгенін түсінемін. Енді қадіріне жетіп, бағалаймын... Шүкір етемін. Алла бізді тура жолдан тайдырмасын!

Өмірлік сабақ үшін рақмет саған, казино!
Бәлкім, өз қателігіне алғыс айтатын адамдар аз шығар. Бірақ мен шын жүрегіммен бұл қателіктеріме, шалыс басқан қадамыма рақметтен басқа айтарым жоқ. Ол өмір сүруді үйретті, сынаққа төзімді болуды, сабырдың не екенін тереңінен ұқтырды.

Расымен, жоғарыда айтқандай, уақытын елдер шетел асып, жылдар бойы оқуға сарп етіп, білім жинаса, мен Қапшағай мен Алматының ортасын жалғап жүріп, құны 200 мың доллар құрайтын өмірлік әрі санамнан өшпейтін тәжірибеден сабақ алдым. Жыладым, басылдым. Құладым, тұрдым. Бәрі о баста қошеметтеді, кейін мазақ етті. Құрмет тұтты, кейіннен артымнан күлді. Абыройым болды, тез төгілді. Байлық та келді, алайда тұрақтап қалмады. Бақытты болдым, бірақ ұзақ емес. Осылай жалғаса береді. Өзекті өкініш өртеді, жаным жараланды, жан-дүнием алай-дүлей күй кешті, тіршіліктен безіндім... Қап-қара түнекте жүріп, жалғыз өзім күрестім.
БІРАҚ БІР ҒАНА АҚИҚАТ – МЕН БӘРІН ЖЕҢДІМ!

ҚОРЫТЫНДЫ
Осы жасқа келіп түсініп-түйсінген қағидаларым:
1
Сөзге абай бол. Шалыс айтылған сөз адам тағдырына әсер етуі мүмкін. Тағдырлар жатыр.
2
Сынақты күліп қарсы ал. Өйткені сол арқылы келесі бір жетістікке сөзсіз жол ашылады.
3
Арманыңа қорықпай қадам жаса. Өйткені қолыңнан келмейтін арманды ойламайсың ғой.
4
Ешкімге ештеңе дәлелдеп әуре болма. Өзіңді жең, өзіңе өзіңді дәлелде.
5
Құдайдың ескертуіне құлақ ас – адаспайсың.
6
Күліп жүр, сонда өзгеге жылу сыйлайсың. Бұл – садақаның жеңіл түрі.
7
Мақал жатта. Мән-мағынасына жете үңіліп, қорытынды жаса, бұл да мотивация.
8
Кісі ақысын жеме, желкеңнен шығады. Ана дүниеге бірге кетпей, өмірде шықса жақсы.
9
«Қолымнан әлдебір іс келмейді» деп күдік келтіріп, тәуекел етпей қалма, Құдайға күмән туғызасың
10
Кедей болуға хақың жоқ. Құдай сені өлсін деп жаратпаған. Жалқаулықтан сақ бол.
11
Ең үлкен байлық – рух. Рухы мықты сынаққа сынбайды.
12
Өткен күнін еске түсіруден ләззат алып, аузы көпіретін мақтаншақтан аулақ бол. Өйткені ол мақсатсыз адам. Мұндай жаннан саған да пайда жоқ.
13
Өзіңнің мықты екеніңді санаңа сендір. Өзіңе сенбесең, өзгелер де саған сенбейді.
14
Жақсы әңгімеге, сұхбатқа әуес бол. Айтаайта жүріп, жадыңда сақталып қалады.
15
Ойыңды қағазға жаз. Жазу да дұға. Қаламның мақсаты – қияметке дейін амал жазу.
16
Жауапкершілікті арттыр. Бұл – жартылай жеңіс!
17
Құдайдан байлық сұрарда, оған қаншалықты лайықтысың, мән бер. Ініңе жайдан-жай миллион теңге берсең, қалай көбейтерін білмей қалады.
18
Ұлы миссияң – жұмақ, оған алғыспен жетесің.
19
Бақытты ақшаға айырбастама. Ақшасы көптер бақытты емес.
20
Біреудің жаман қылығын жария етпе, алдыңнан шығады. Күнәсін көргеніңмен, тәубесін көрмедің.
21
Табиғатқа жиі шық. Өйткені тәнің – топырақ, байланыс іздейді.
22
Ең үлкен құрметті өзіңе жаса, өзгелер ісіңнен үлгі алсын.
23
Жаға ұстасып, күш көрсетіп, қыздың көзінше жігіт болғаның – жігіттік емес. Жігіттік – ішкі тәртіпте.
24
Намысқа тиме. Мәшке итте де тіс бар, қауып алады.
25
Білімдінің бәрі ақылды емес. Ібіліс білімсіздіктен жұмақтан қуылған жоқ.
26
Намазхан деп сеніп қалма, ниетін білмейсің.
27
Іс-әрекетің дұрыс болсын. Алланың бір есімі – халық. Оның ішінде сен де барсың.
28
Қабілетіңді ашпасаң, құмардың құрығында кетесің. Екеуі де «азарт».
29
«Адам емессің» деп айтпа. Атыңды адам қойған Құдайға қарсы шығасың.
30
Ақыл иесі екеніңді түсін. Әйтпесе малдан айырмашылығың болмай қалады.
31
Қазаққа қазақ – ұстаз!
32
Бірінші болу қате. Бірінші – Ұлы жаратушы!
33
Ел басқара алатыныңа сен. Сұлтан Бейбарыс пен Абылай хан да әуелде құл болған.
34
Идея өмірден қатты соққы алып, таяқ жегенде келеді. Өмір – мектеп.
35
Адамнан тіленбе! Сағың сынады, Жаратқанға серік қосып аласың.
36
Қарыз берушінің де, алушының да куәгері – Алла!
Құрметті оқырман, мен үшін сіздің кітаптан қандай ой түйгеніңіз аса маңызды.

Aq pen qara алмасып келетін, қуаныш пен қайғы, өкініш пен үміт, махаббат пен жеккөрушілік, байлық пен таршылық, дін мен діл – бәрі де қатар жүретін өмір өткелдерін менімен бірге бір толқында сезіне алсаңыздар қуаныштымын. Көңіліне қаяу түсіп, өмірден мән таппай кеткен жандар болса, бұл кітап кеуделерінде үміт отын жағар деп ойлаймын.

Мен бақыттымын! Қателігімді бүкпесіз мойындап, одан сабақ алып, өз жолымды таптым.

Аллаға шексіз разымын, мен арқылы қаншама адамға осы қателікке ұрынбау керек екенін ұқтырып жатыр.

Тағдырымның осындай өмір тарту еткеніне шын ризамын... Мен бәріне шүкір етемін. Алғыс айтамын. Сыналдым, бірақ сынбадым. Қателестім, бірақ тәубеме келдім... Бәрі алма-кезек.

Өмірден күдер үзбеңіз, бақытты күндер әлі алда!

«дайректке» келген хат
Елімізде құмар ойынмен ауыратын адамдардың саны 350 мыңнан асады. Олардың қарызы орта есеппен 10 миллион теңгеге дейін барады екен[1] .

Кейбір букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 250 миллиард теңгені құрайды!

Ойынқұмарлық дертіне шалдыққан адамды кәсіби емдеу екі жылға дейін созылады және удай қымбат – айына 350 мың теңгедей тұрады. Толық емделіп шығу үшін жылдар керек. Кей жағдайда қайта емделу қажет болады.

Бізді бұл сандар шошытуы керек. Мәселенің қаншалықты ушыққанын инстаграмда күн сайын «жекеме» келетін ондаған, кейде жүздеген хаттарды оқығанда түсінесің. Ал жазбай жүрген қаншама қандас бауырларымыз бар!
[1]В Казахстане призывают объявить войну азартным играм. «Капитал», 01.02.2019. https://kapital.kz/gosudarstvo/75497/v-kazahstane-prizyvayutobyavit-vojnu-azartnym-igram.html
Кейбір хаттарды кітабымда жариялауды жөн көріп отырмын. Біреу болмаса біреудің тура жолдан таймауына септігі тиер деп үміттенемін.
Бағлан, кеш жарық! Кеше сізді «Астарлы ақиқаттан» көрдім. Менің күйеуім де казиноға кіріп кетті. Қоя алмай жүр сол пәлені. Үйді, көлікті, бәрін «залогқа» салып тастады. Қалай тастай алады? Басыңыздан өткен соң сұрап отырмын. Өзім де қатты қиналып жүрмін. Қайда апарсам болады? Алла разылығы үшін көмек беріңізші.
Құмарлықты жеңе білгеніңіз туралы естіп жүрмін. Күйеуім екеуміздің шаңырақ көтергенімізге төрт жыл болды. Үш баламыз: 3 жасар ұлымыз, 1 жасар және 15 күндік қыздарымыз бар. Күйеуім төрт жыл бұрын құмар ойынға салынды. Әлі қойдыра алмай келемін. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Немен көмектесерімді білмеймін. Отбасымның бұзылғанын қаламайын. Балаларым әкесімен өссе деймін. Жолдасыммен кездесіп, түсіндіріңізші, өтінемін.
Бағлан, өмірің жайлы жиі оқитын болдым. Мен анамын. Жалғыз ұлым құмар ойынға бір берілгеннен тастай алмай келеді. Көз жасым таусылды. Амалсыздан парақшаңа жазып отырмын. Басқа амалым қалмады. Кітабың қашан шығар екен? Нөмірін жазсам, телефон соғып, ақылыңды айтып сөйлесесің бе?
Саламатсыз ба! Құмар ойынды толықтай қойып кете ала ма? Менің күйеуім – осы ойынның құрбаны. Қазір қойдым деп көндіруге тырысып бағып жүр. Кейін тағы баратын сияқты көрінеді. Үйде жатып, телефонмен букмекерлік «ставкалар» жасайды. Не істей аламын? Талай ажырасып, талай қосылдық. Талай қарызға батырды. Шаршадым. Аты өшкір казино жабылса екен.
Мен де құмар ойынға кіріп кеттім. Өзімді қалай жеңетінімді білмеймін. Ештеңеге құштарлық жоқ. 11 жыл әскери адам болдым, екі ай бұрын жұмыстан да шығарды. Кеше анам жұмыста алған 1,7 миллион теңгені де ойнап тастадым. Өзөзімді зорға ұстап жүрмін, күндіз күлкі, түнде ұйқы кетті. Үйдегілер қазір ойнап жүргенімді білмейді. Бұрын машинамды ұтылып қалғанда білген еді. Қайтадан бастап кеттім, бар дүниемнен айырылдым.
Ассалаумағалейкум, Бәке! Қалыңыз қалай? Сізді «Астарлы ақиқаттан» көрдім. Кеңес сұрайын деп едім. Қалай жолығып сөйлесуге болады? Нөміріңізді бере аласыз ба? Менің де басымнан сіздікіне ұқсас оқиға өтіп жатыр. Не істерімді білмей жүрмін. Кімге қалай түсіндіретінімді де білмеймін. Бір өтінішім, тек сізге іштегімді шығарсам ба деймін. Жауабын берерсіз.
Жолдасым құмар ойыннан шыға алмай жүр. Қарыздары бар. Күнде жүрегі ауырып, төсекте бүркеніп тығылып жатады. Осы жүріспен өлетін шығармын деп бізді қорқытады. Әкесін де әбден шаршатып бітті. Уайымдай беріп, өзім де ауру болдым. Бәрін ойлап жүйкем жұқарды. Бір көмегіңіз болсын: күйеуіммен кездесіп, ақылыңызды айтыңызшы. Сіздің парақшаңызды үзбей қарайды, өлеңдеріңізді жылап тыңдап отырады.
Өмірден шаршадым. Тек қарыздарымды ғана ойлаймын. Олардан ертерек құтылып, бұл күндерді тезірек басымыздан кешірсек екен. Маған кеңес беріңізші. Не істеуге болады?
Менің жолдасым әлі ойнап жүр. Қалай қойдырамын? Кеңесіңізді беріңізші. Кредит те алып бердім, енді төлей алмай жүрмін. Үш баламыз бар. Шымкенттенбіз.
Қарызды қайтар деп жан-жақтан «звандап» жатыр. Айлықпен жауып отырамын деп ойлаған едім, сөйтсем, шоттарымды ареске қойып тастапты. Не істерімді білмеймін. Құдай берген үш балам бар, соларды ойлаймын. Жолдасым да тырысып жатыр, бірақ, өзіңіз білесіз, айлықпен қарызды жабу оңай емес.
Кеш жарық, ағасы! Қалайсыз? Өткен айда «кредитке» құятын ақшаны «лохотронға» салып көбейтіп аламын деп, енді не көбейген, не қолдағы ақша да жоқ. Бұл туралы жолдасым білмейді, білсе – өлтіреді. Кредитімнің пенясы өсіп кететін болды. Көп асаймын деп ақшасыз қалдым. Сізден көмек сұрағым келеді.
Ассалаумағалейкум, Бағлан аға! Сізді «Астарлы ақиқаттан» көрдім. Мен де түзу жолдан тайып кеттім. Құмар ойын ойнаймын деп отбасымның ойраны шықты. Өзім қарапайым жұмысшымын. Жоқшылықтан құмар ойын ойнадым. Зиянын түсіндім, бірақ қарыздан бас көтере алмайтын шамаға түсіп қалдым. Отбасыма қосылғым келеді. Қазір қарыздарды қайтару үшін жұмыс істеп жүрмін. Анам да қатты ауырып қалды.
Саламатсыз ба! Жазғанымды оқымайтын да шығарсыз. Бүгін «Астарлы ақиқат» бағдарламасын көрдім. Сізді құмар ойын ойнайды деп ойламаппын. Менің де жолдасым бес жыл бойы ойнады. Қарызға кірді, мені де қарызға батырды. Адамдарға кредит алғызды. Мен оған пайызға ақша алып бердім, сөйтіп қарызға белшеден баттым. Ойнамаймын деп уәде бергеніне үш айдай уақыт болды. Психологқа апардым. Бәрін жасап жатырмын. Бала-шағамды аяймын. Құдайдан күйеуім ойнамаса екен деп тілеймін. Осы үшін талай жыладым, қиналдым, өмірден түңілдім. Ажырасқым да келді. Оған ешкім керек емес болды, өз әлемінде жүрді.
Бағлан аға, ассалаумағалейкум! Сіздің сұхбатыңызды көріп, жылап та алдым. Он минут уақытыңызды бөліп, телефонмен сөйлесіңізші. Жалғызсырап, қиналып, сырымды бөлісер жан таппай отырмын. Ақылыңызды тыңдап, кішкене демеу алайын деп едім. Есіңді жи деп айтатын адам жоқ айналамда. Өтініш, рахмет!
Атым Бауыржан. Мен де сол құмар ойынның құрбанымын. Үйленгеніме екі жыл болды. Әйелім өзімнен алты жас кіші. Бойдақ кезде құмар ойынға қызығушылығым болмайтын. Тек андасанда ары кетсе 10–15 мың теңге ұтылатынмын. Ұтылған ақшамды ойлап, бір ай бойы қайғырып жүретінмін. Үйленген соң мүлде өзгердім. Құмар ойынға салындым. Өзім былай тұрайын, тіпті әйелімді де қарызға белшеден батырдым. Кредиттен кредит алдым. Қазір микрозаим дегендер жанына жолатпайды. Қысқасы, осы дерттен арылу үшін ақыл-кеңесіңізді жазыңызшы.
Братан, мен қазір ғана казинодан оралдым. Сол жерде бір кісіден мың доллар қарызға алып, қадалып келдім. Қарыз алған себебім – елге 7 миллион теңге қарызбын. Жан-жақтан «звандап», біреулері «заявление» жазып, біреулері үйге келіп жеп жатыр. Ата-анам білмейді. Әйелім, екі балам бар, қашып, жан-жақта шашырап жүрміз. Анадан алып, мынаған беріп, жауып жүрдік. Енді ешкім қарыз бермейтін болды. Қарап тұрсаң, әп-әйбәт жігітпін, инстаграмға кірген мені бір жүдеп жүрген адам екен деп ойлай қоймайды. Не істесем болады?
Ассалаумағалейкум, Баги брат! Атым Жақсылық. Қал-жағдайың жақсы ма? Өзің сияқты казино ойнадым. 28 миллион теңге ұтылдым. Қатты қиналып жүрмін. Мына аурудан қалай шығады? Қалай тоқтарымды білмеймін. Ойнамайын десем, қарыздар жеп барады. Қалай да амалын тауып, тоқтау керек. Сен нағыз жігіт екенсің. Ақыл-кеңесіңмен көмектес. Бизнестерімнің бәрі банкрот болды, екі көлік кетті. Бір казинода ойнағанбыз. Көрсең танып қаларсың. Маңдайға біткен нағыз сор болды. Әйелім, бала-шағам тастап кетті. Стресте жүрмін, көмектесші, брат.
Қандай керемет адамсыз! Сондай қиындықты жеңіп шықтыңыз. Менің інім «букмекерскийге» салынып кетті. Біраз қарызын папамыз жапты. Бірнеше рет аталарға барып оқыттық. Өзі де енді қайталамаймын дейді. Бауырымыз не болар екен деп уайымдаймыз. Сіз психологқа бардыңыз ба әлде өзіңіздің күш-жігеріңіздің арқасында жеңіп шықтыңыз ба?
Мен де кезінде білімді, бақытты азамат болдым. Қазір, өкінішке орай, тығырыққа тірелдім. Құмарлық дертім асқынған. Қойдым, енді бармаймын, ойнамаймын деп миллион рет ант іштім. Қоя алмадым. Маған қазір ешкім сенбейді, өтірікші атанып, масқарам шықты. Құмар ойынды ойнау үшін неше түрлі іс-әрекетке барады екенсің. Маған психолог немесе құмар ойын ойнаушыларды емдеу орталығы керек. Өз қаламда таппай қойдым. Емделуге дайынмын. Бірақ қайда емделу керек екенін білмеймін. «Қазақстан» телеарнасындағы бағдарламаларға құмар ойын ойнайтын адамдарға арнап тақырып қозғап, мені шақырыңыздаршы деп өтініш те жаздым. Жауап бермеді. Қалтамдағы соңғы тиыныма дейін құмар ойынға салып отырдым. Осының кесірінен үйімде көп жанжал болды. Миға симайтын шошырлық қырғын несиелерге баттым. Өзіммен қоймай, несие алғызып, үйдегі бауырларымды «косякқа» кіргіздім.
Бағлан інім, кеш жарық. Біраз уақыттан бері ішкеніміз ірің болды. Алматыда 3-курста оқып жүр деген баламыз оқудан шығып қалған, кешке дейін көшеде жүреді екен. Кешкісін (туысымыздың үйінде жататын) үйге келеді, ешкім күдіктенбеген. Мектепте өте жақсы оқыды, тұйықтау еді. Бұлай болады деп ойлау түгіл түсіме де кірмеді.

Шымкенттегі оқу орнында оқуын қайта жалғастырсын десек, оқудан тағы қол үзіпті. Әкесі ашу үстінде қаттырақ ұрысып, біраз түйгіштеген еді. Үйден кетіп қалды. Іздеуге бердік, екі айдан соң әрең тауып алдық. Қайта кетіп қалды. О Құдай, кешіре көрші, 44 жасқа келсек те, мынадай сұмдықты көрмедік. Анда-санда «ВКонтактеде»: «Мама, кешіріңізші», – деп жазып тұрады. «Қайта ғой, балам», – деп жауап беремін. Қалай шатастық, ол қай жерден шатасты, білмей далмын. Білгеніміз, достарынан ақша алып, «ставка» тігіпті. Құмар ойын ойнайтын ұқсайды.

Сонымен, інім-ау, білдірмеуге тырысамын, бірақ бейшара күйдеміз. Әкесі іштен тынып, мен көз жасымды тауыстым. Аллаға тапсырдық.
Былтыр өмірімде үлкен қателікке бой алдырып, шайтанның арбауына еріп, құмар ойынның құрбаны болдым. Әрине, ешкімді кінәламаймын. Қазіргі таңда кредиттер «просрочка», қарызға белшеден баттым, шаршадым. Бар арманым – осы былықтан біржола құтылу, адал жолмен ақша табу, екі қызыма дұрыс тәрбие беріп, жақсы отағасы болу. Амалсыздықтан жазып отырмын. Жағдайың жетіп жатса, қарызға 2 миллион теңге берші. Алла разылығы үшін. Қайтарамын.
Қайырлы кеш! Менің ағам ойынқұмар. Он жылдай болды, бәрімізді шаршатты. Әке-шешем тірі өліктің күйін кешуде. Әйелі тастап кетті. Ең сорақысы, әкеме күніне жоқ дегенде екі-үш адам келеді. Балаң ақша алды, қайтармай алдап кетті, тауып бер дейді. Оның көрсетіп отырған азабын айта берсем, бір күн аз болар. Сіздің ойынқұмарлыққа салынып, айыққаныңызды естіп, зор үмітпен жазып отырмын. Қарызының шегі жоқ. Бұл аурудың емін сілтеңіз, Құдай үшін. Ата-анам ауылда жерде қара термен ақша тауып, сол баланың қарызын жауып жүр.
Бағлан мырза, сәлеметсіз бе! Сізді өте құрметтеймін және әндеріңізді отбасымызбен сүйіп тыңдаймыз. Сіздің кітабыңызды ағама алып беруге асығамын. Мына азарт ойыны отбасымыздың берекесін кетірді. Туған ағам түк ойланбастан кредиттен кредит алып, құмар ойынға салып, бәрімізді құртты. Қарапайым отбасымыз, 4 миллион теңге кредит төлеп отырған жайымыз бар. Көзі әбден ештеңе көрмей, қарызға кіре берген. Интернетте онлайн ақша беретіндердің кесірі, «азартниктерге» оңай бере салады. Сорлы әке-шешем қасқа баласын ойлап, енді салмаймын, ойнамаймын деген сөзіне сеніп, қаншама қарызын төлеп берді, кредит алып, өздері қиыншылық көруде. Әбден тығырыққа тірелді, өйткені кредиттер «просрочка» болып, сотқа кетіп жатыр.
Сіздің басыңыздан өткен жағдай дәл қазір өз басымнан өтіп жатыр. Ойынқұмар болып кеттім. «Олимпке» барып тіге беремін. Соның кесірінен отбасымнан айырылдым. Бұл бәлені қалай қойсам болады? Жұмыс істеймін, ақша табамын. Тапқан ақшамның барлығын осы «Олимпке» сала беремін. Уже екі жерге онлайн-финансқа қарыз болдым. Қарыздан құтылсам қоямын деймін де, қоя алмаймын. Не істесем болады? Аман Тасығанға берген сұхбатыңыздан өзімді көргендей болдым. Қайта-қайта қарап, күш аламын. Сізге ризамын, нағыз еркек екенсіз. Мына заманда екінің бірі ондай ерлікке бара бермейді.
Сіз сияқты құмар ойындарын ойнап, жинағанымнан айырылдым. Кредитке де, қарызға да баттым. Қолыңыздан келсе, Алла разылығы үшін көмек беріңізші. Бала-шағам білмейді. Білсе не болары белгісіз.
Ажырасып кетсем, балаларымды аяғына тұрғызуға шамам келетінін білемін. Дегенмен олардың әкесіз өскенін қаламаймын. Бір жағынан сондай әкені көріп өскен ұл мен қыздың тағдыры қалай болар екен деймін. Күйеуімді жақсы көремін, сол үшін барлық еркелігіне көніп келемін. Барлығы әйел адамға байланысты дегенді де білемін, бірақ ойын ойнауды қойдыра алмадым. Барынша өзіммен жұмыс жасап жүрмін, барынша шыдамдымын. Өзгеру үшін Айнұр және Құралай ханымдарды тыңдаймын. Енді айтыңызшы, қойдыру үшін өз тарапымнан не істей аламын? Отбасымды сақтағым келеді, балаларым әкесіне қатты еркелейді. Бірақ отбасындағы мәселені балалардың үлкені сезеді.
Мен бір миллион теңге кредит алып, оны «Олимп» кеңсесіне ұтылып қалдым. Енді отбасыма не айтарымды білмей жүрмін. Үндемей өліп қала салайын десем, екі балам бар, соларды қимаймын. Әке-шешеме, әйеліме айтайын десем, менен теріс айналып кете ме деп қорқамын. Аға, қарызға ақша бере тұрыңызшы, қайтарып беремін, Құдайдың алдында уәде етемін. 600 мың теңге беріңізші, екі жылда бөліп қайтарамын. Көмегіңіз ауадай қажет болып тұр. Өзіме қол жұмсауға оқталсам, балаларым есіме түсіп, жылап жүрмін.
Біраз уақыт болды, мен үшін қымбат жанның сондай жолдан шыға алмай жүргені жаныма батады. Сіз емші де, емдеуші де емессіз, оны жақсы түсінемін. Амалым таусылып, тығырықтан шығарып алу жолын іздеп жүрген жайым бар. Мүмкін, менің жеткізе алмай жүрген сөздерім мен ойымды сіздің кітабыңыз жеткізе алар? Ол жан да сіз сияқты білімді, саналы, өнерлі, спортқа да жақын, психикасы да жақсы дамыған азамат. Бірақ, неге екенін білмеймін, сондай бір былықтан шыға алмай жүр. Кітабыңызды қайдан алсам болады?
Менің жолдасым да ойын ойнайды. Қоятын түрі жоқ. Ойнағанына жеті жыл болды. Бізді алдап, кредитке кіргізді. Бәріне қарыз. Балаларымның киімі де жоқ. Олардың болашағын ойламайды. Қатты қиналып кеттім. Не істесем болады? Ажырасып кетсем, оған не болады деп уайымдаймын, өліп қала ма деп ойлаймын. Туысқандары бұл туралы біледі, бірақ ешқайсысы көмектеспейді. Қалай қойдырсам болады?
Мен 2016 жылы қыз басыммен құмар ойынға кіріп кеттім. Қойғаныма біраз ай болды, бірақ өмірім астан-кестен болды, әлі зардабын тартып келемін. Жаңа өмір бастадым, бірақ қарызым көп, қазіргі өміріме кедергісін келтіре ме деп қорқамын.
Есімім Ербол, Түркістан қаласынан боламын. Ойнайтынмын, бірақ өз орнымды білетінмін, аса бір құмарлық жоқ еді. Бір жарым жыл бұрын үйлендім, отбасылы болдым. Әке-шешеммен бірге тұрамын, ол кісілерді жерге қаратқан адам емеспін. Арада уақыт өтті. Келін мен ене арасы дұрыс емес. Анам мені қызғана бастады, мен шыдап жүрдім. Қояды деп үміттендік. Немерелі болса да, қызғанышы басылмады. Мен саудамен айналысатынмын, сөйтіп арада өкіметтің қызметіне тұру мүмкіндігі туды. Оған ақша бермей кіре алмайтынды білесіз, көлігімді сатып, өкіметтің жұмысына тұрмақшы болдым. Сол күні үйде жанжал болды. Келін мен енесі сөзге келіп қалды. Мен ешкімнің жағына шықпай, үйден шығып кеттім. Бар ауыртпалық еркек адамға түседі екен. Шекпеймін, ішпеймін, кезінде спортпен шұғылдандым. Сол күні ойынханаға барып, түн ішінде барлық ақшамнан айырылдым. Үйдегілер әлі білмейді. Абыройымнан айырылуға қорқамын. Ешкім білмесе екен деймін. Қазір ойнамаймын, бірақ бір түнде ұрынып қалып, 5 миллион теңгемнен айырылып, әлі стресте жүрмін. Алладан қорқамыз, маған бір жылға қарызға ақша бере тұрыңыз, қайтарамын.
Інім құмар ойынға кіріп кетті. Тоқтата алмай жатырмыз. Апармаған жеріміз қалмады. Анамыз инфаркт болды. Қалай қойғаныңды жазып жіберсең дегенім ғой. Хабар күтемін.
Сізден сұрағалы отырмын. Құмар ойынға кіріп кеткен едім. 500 мың теңгеден астам ақша ұтылдым. Енді не істерімді білмей отырмын. Былай қарасаң, табуға болады. Бірақ анама ота жасатуға да ақша керек. Ұтылған ақшамды кредитке алған едім. Соны төлеуге қиналып жатырмын. Бір-екі айын төлеп берсеңіз. Сәл аяққа тұрғанда қайтарып беремін.
Қалайсыз, брат? Өткенде сіздің бейнеңізді көрдім. Мен де сіздей жағдайға кіріп кеттім. Айналамдағылардың бәріне қарызбын. Балашағам кетіп қалды. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Бір тиын ақшам жоқ. Бұл аурудан қалай арылуға болады?
Түнделетіп жазып жатқаныма ренжімеңізші. Сұхбатыңызды көріп, жылап отырмын. Мен де қиын жағдайда жүрмін. Ел-жұрттың бәріне қарызбын. Сізге айтар алғысым шексіз. Сіздің сұхбатыңыздан соң өзгеремін деген ой туды.
Күйеуім ойынға салынып кетіп, отбасымыз бұзылды. Сіз күш тауып, шырмауынан шығуға тырысып жатырсыз, ал күйеуім (қазір ажырасып кеттік) ойыннан шыға алмай жүр. Мені қарызға батырып тастады. Кішкентай баламмен сол қарыздарды төлеп келемін. Просто онымен сөйлесіңізші, өтінемін. Не кредитті төлемейді, не алиментін бермейді. Оған дұрыс емес екендігін айтыңызшы.
Аға, мен Қарағандыдан боламын. Өтінемін, көмегіңіз керек болып тұр. Ауылдан қалаға оқуға келгенмін. Оқудың ақшасын ұтылдым. 100 мың теңге ұтылып қалдым. Енді ойнамаймын, уәде беремін, аға. Көмек беріңізші, қатты қысылып тұрмын. Тым болмаса, жарты ақшасын беріңізші. Ата-анама айтуға қысылып жатырмын.
Мен де құмар ойынға салынып кеттім. Екі үйден, төрт машинамнан айырылдым. Қарыздан қарыз болып жүрмін. Бұл ауруды қалай жеңдіңіз?
Кеш жарық, Бағлан мырза! Менің бөлем жас қыз, жасы жиырма төртте. Букмекерде «ставка» қояды. Көп ақша жоғалтты, екі жыл қоймай ойнап жүр. Не істеуге болады? Папасы жездем, ойнап, ақыр соңында қарызға батып, асылып өлді. Мен қойған шығар десем, қоймапты. Өзі сұлу, ақылды еді, неге солай жасағанын білмеймін. Кассадан ақша алған, туған туысқа өтірік сөйлейтін болды. Қатты көмектескім келеді оған.
Бәке, қазір ғана «Астарлы ақиқатты» көрдім. Ризамын. Бәрін өзгертуге болады екен ғой деген бір сенім пайда болды. Мен де сол азартта жүрген адаммын. Бірақ осыны қойып, менің кесірімнен зардап шеккендердің орны қайта толуы үшін өмірімді беруге дайынмын. Психологически әлсіз адаммын деп ойлаймын. Қалай қоямын? Қалай қараңғы жақтан шығуға болады? Отбасым, әке-шешем, бала-шағам, болашағым көз алдымда құлдырап бара жатыр. Олар болмаса, бұл дүниеде бес секунд тұрмай, ана жаққа кетіп қалушы едім. Сізді көріп, жақынымды көргендей болып отырмын.
«Жігіттер» квартеті шыққалы бері сенің ерекше даусыңды сүйіп тыңдайтын көрермен анамын. Айналайын, жұлдызың жанып, ақ жүзді абыройлы болып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүре бер.

Балам бар, арасында өлең жазып тұрады. Ол күннен күнге тұйықталып, ойы басқа жақта сияқты. Оқуы да жайына қалып, ойынға кіріскендей. Үйге келгісі келмейді, мың сылтау айтады. Соңғы келгенде телефон арқылы «Голд» картамнан атың өшкір «Олимпке» 10 мың теңге салып жіберіпті. Ұрсып та, жаймен де айттым. Көңілім тыныш емес, баламды ойлаймын. Соңғы кездері басым ауырып, жатып қалып жүрмін. Сұрасам: «Қойдым, мама, ойнамаймын», – дейді. Сенгім келеді, бірақ...

Намаз оқитын еді, оны да қойған сияқты. Интернетте психологтардың әңгімесін тыңдаймын, жақында сенің сұхбатыңды көрдім. Жыладым. Содан бері ойымнан кетпейсің. Осы баламнан көмек болар-ау деп жазып отырмын. Шынымды айтсам, не істерімді білмеймін. Бес уақыт намаз кезінде де Алладан тілеймін. Бірақ пендеміз, тез бола қалса деп асығып тұрамыз. Оның үстіне бір нәрсеге ұрынып қала ма деген үрей жеп барады.

Ойларыңызды жазыңыз
Ойыңызды жазыңыз
БАҒЫЛАН ӘБДІРАЙЫМ
ТАҢДАУ ЖАСАУ ӨЗ ҚОЛЫҢДА
Жоба жетекшісі
Жазып алған
Әдеби өңдеген және
редакторы
Дизайнер
Суретші
Беттеген
Фотограф
Бақытжан Бұқарбай
Еңлік Әбдіқадыр
Балжан Хабдина

Дулат Үсенбаев
Мәдибек Мұсабеков
Елена Огурцова
Ардақ Төлеубай
Made on
Tilda